FlyArystan жаңа технологиялы iJan терминалын іске қосты

143

Отандық лоукостер FlyArystan әуе компаниясы Шымкентте инновациялық iJan қызметін іске қосты. Енді әуе жолаушыларына ұзын-сонар кезекте тұрудың қажеті жоқ. Брендтік iJan терминалы жолаушылар үшін мегаполис әуежайында тәулік бойы жұмыс істейді. Алдағы уақытта халықаралық рейстерді де қосу жоспарда бар.

Цифрландыру жүйесі саяхат саласына да жетті! FlyArystan жолаушылары енді сарылып кезекте тұрмайды. Шымкент әуежайында iJan өз-өзіне қызмет көрсету терминалы іске қосылды. Алғашқы смарт құрылғылардың бірін қалалық транспорт басқармасының басшысы сынақтан өткізді. Мұхтар Қоқанбаевтың айтуынша, терминал билет пен жүк биркасын басып шығаруға және жүкті өлшегенге өте ыңғайлы. Алғашты сынақ сәтті өтті деуге болады.

Мұхтар Қоқанбаев, Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы: «iJan бағдарламасының бір тиімділігі осында келіп, кезек күтпестен өзің тіркеліп, ұшу алаңына өте беруге болады. Тұрғындар өзіне-өзі қызмет көрсете алады. Өздеріңіз де білесіздер FlyArystan ірі лоукостер компания. Сондықтан жолаушыларға барлық жағдай жасалған»

Шымкент әуежайына екі инновациялық өзіне-өзі қызмет көрсету жүйесі қойылды. IJan арқылы бір минут ішінде отырғызу талонын алып, тіркеуден өте аласыз. Билетті алдын ала сатып алған жағдайда, смарт құрылғының қызметі 500 теңге тұрады. Ал тіркеуге әуежайға келіп тұрып, төлем жасайтын болса, комиссия құны 1000-теңгеге дейін көтеріледі. Төлемдерді несие картасымен жасауға болады.

Мақпал Бейбітжанқызы, FlyArystan авиакомпаниясының жер үстінде қызмет көрсету департаментінің директоры: «Біз рейске тіркелеміз, мұнда құжаттарды, паспортты, жеке куәлікті сканерлеуге болады. Бүгін сынақтан өткізу үшін арнайы рейс ұйымдастырдық. Өзіңізде бар брондау номерін енгізесіз. Терминал сіздің рейсіңізді тауып, уақытын, бағытын бәрін экранға шығарады. Содан соң ұшуға тіркелесіз. Тыйым салынған заттарға қатысты сұрақтар шығады. Толтырып шығасыз. Міне соңында iJan осылай отырғызу талонын басып шығарады»

FlyArystan Шымкент әуежайында өзін-өзі тіркеу жүйесін орнатқан алғашқы авиакомпания. Отандық лоукостер ұшу процесін жеңілдету үшін жаңа инновациялық құрылғыны енгізу туралы шешім қабылдаған. Компания өкілдерінің айтуынша, iJan шығынды азайтып, уақытты тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Тіпті тарифті бір қалыпта ұстап, билет бағасының арзандауына ықпал етеді.

Мақпал Бейбітжанқызы, FlyArystan авиакомпаниясының жер үстінде қызмет көрсету департаментінің директоры: «Бізде Шымкент қаласында 2 терминал орнатылған. Әзірге ішкі рейстерге арналған. Кейін шетелдік рейстерге де қосатын боламыз. Ал 1 жолаушының тіркелу уақыты 30 секунд пен 1 минуттын аралығында болады»

Қазір электронды терминалдар Алматы, Астана, Семей, Түркістан, Павлодар, Атырау мен Қызылорда сынды Қазақстанның жеті ірі қалаларнда жұмыс істейді. Жолаушыларға FlyArystan мобильді қосымшасы мен веб-сайты әрқашан тегін онлайн тіркелуге қолжетімді.