Шымкентте қаңғыбас ит-мысықты зарарсыздандыруға 140 млн. теңгеге жуық қаржы бөлінді

Биыл Шымкентте қаңғыбас ит-мысықтарды кастрациялау мен зарарсыздандыруға 140 млн. теңгеге жуық қаржы бөлінген. Дегенмен, үшінші мегаполисте қанша қаңғыбас жануар бар екені әлі нақты емес. Жауаптылар, шамамен 20 мың бас ит-мысық зарарсыздандырылады деп жоспарлап отыр. Ал осы жылдың қыркүйек айынан бастап үйде асырайтын ит-мысықтың иелері жануарларын тіркеуден өткізуі тиіс. 

Шымкентте қаңғыбас ит-мысықтарды зарарсыздарндыруға 139,5 млн. теңге бөлінді. Яғни, енді бұрынғыдай қаңғыбас жануарлардың көзі жойылмайды, керісінше зарарсыздандырылады. Былтыр Шымкент бойынша жалпы 40 мың бас ит-мысық ауланған. Ал ол үшін бюджеттен 130 млн. теңге қаражат бөлінген.

Әбунасыр Жанбатыров, Шымкент қаласы ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы: «Арнайы ветеринарлық мамандар тексеру жүргізіп, стерилизациялау, кастрация жұмыстарына шешім қабылдап, соны жүргізеді. Одан кейін вакцинация жүргізіледі. Содан кейін заңға сәйкес қаңғыбас жануарлар есепке алынады. Яғни, оның құлағында чип болады. Барлық іс-шараны өткеннен кейін барып, агрессия білдірмеген жағдайда оны мекен ету орталығына қайта жіберіледі. Оның басқа қаңғыбас жануарлардан айырмашылығы – құлағында чип болады».

Ауланған жануарлар оқшаулау орталығына жіберіліп, онда тексеруден өтіп, вакцинацияланады. Ал тіркеуден өтіп, арнайы чип тағылған соң агрессивті емес қаңғыбас жануарлар бұрынғы мекендеу орындарына қайтарылады. Дегенмен, Шымкентте қанша қаңғыбас ит-мысықтың бары әлі нақты анық емес. 140 миллионға жуық сома шамамен 20 мың бас жануарға қаралып отыр дейді мамандар. Ал оның 84 млн. теңгесі 8400 бас қаңғыбас итті кастрациялауға бөлініп отыр.

Әбунасыр Жанбатыров, Шымкент қаласы ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы: «Жалпы 20 мың бас. Оның ішінде ит-мысық та қарастырылған. Оның ішінде 8400 бас аталық бастарға, 2100 бас аталық мысықтарды, 4500 бас ұрғашы мысықтарды залалсыздандыруға қарастырылған. Жалпы 20 мың басқа осы қаражат қаралған, болжам бойынша. Аулау барысында барлығы нақтыланып, соған сәйкес тиісті шығындары қаралады».

Осы жылдың қыркүйек айында барлық үй жануарларын иелеріне тіркеуден өту міндеттеледі. Басқарма басшысы зарарсыздандыру мен тіркеудің нәтижесінде қаңғыбас ит-мысықтың саны азаяды деп отыр. Ал егер оларды тіркемеген жағдайда иесіне 5 пен 10 АЕК арасында айыппұл салынады.