Журналистер “Бақ туралы” заңдағы өзгерістерге наразы

34

Қазақстандық журналистер ел Президентіне «БАҚ туралы» заңға енгізілген өзгерістермен келіспейтінін жеткізді. Мамандар жаңа нормада олқылықтар көп екенін айтады. Соның бірі — тілшілерге берілетін пресс кард мәселесі. Оған қоса журналистерге қатысты арыз беру уақыты өзгерді. Енді БАҚ қызметкерлері үстінен тек 1 жыл ішінде ғана шағым түсіре алады деген пункт алынып тасталмақ.

БАҚ туралы заңдағы жаңа түзетуде журналистерге арналған карта құруды ұсынылып отыр. Дегенмен бүгінде әрбір тілшінің дәл осындай өз куәлігі бар екенін ескерсек, онда бұл карта не үшін қажет, деген заңды сұрақ туындайды осы тұста… Айта кететін жайт, бұл жаңашылдыққа тек жұмыс өтілі жоғары мамандар ғана қол жеткізе алады. Мұның ақ-қарасын медиа-заңгер Гүлмира Біржанова айтып берді.

Гүлмира Біржанова, «Құқықтық медиа орталығы» қоғамдық қорының заңгері: «Пресс кард бұл әрине жақсы. Ол да журналистің куәлігі. Кез келген жиналысқа соны көрсетіп кіре аласың. Бірақ оған әкімдік тарапанан ықпал болмауы керек. Тілшіні пресс кард бар және жоқ деп бөлу мүлде дұрыс емес. Журналистерге ақпарат анық, айқын берілуі керек».

Елде төтенше жағдай орын алған кезде жарияланатын ақпаратқа қатысты бірқатар өзгерістер енді. Атап айтқанда мәліметті уәкілетті органның құптауынсыз медиа бетіне жариялауға болмайды. Мамандар мұны сөз бостандығын шектеу деп біледі.

Гүлмира Біржанова, «Құқықтық медиа орталығы» қоғамдық қорының заңгері: “Қазіргі шығып жатқан заңға сүйенсек, БАҚ өкілдері қандай да бір мәселелі материалды жарыққа шығармас бұрын, құзырлы органнан рұқсат алуы керек. Ал біздің конституциямызда сөз бостандығы болу керек деген. Ал жаңа заң аясында демек сөз бостандығы шектеліп тұр».

Дегенмен, билік бұл ережені қажет деп санайды. Шенеуніктер жаңа шара әскери немесе қызметтік құпия ақпараттың тысқа шығып кетуінің алдын алатынын алға тартады.

Қанат Ысқақов, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі: «Айтулы өзгерістер әскери құпиялар сынды ақпараттарды жарияламау мақсатында енгізілмек. Бұл ақпараттың келтіретін қауіпті салдарынан қорғану үшін қажет. Сондықтан ақпаратты таратпас бұрын оны уәкілетті орындарға тексертіп алуды ұсынудамыз. Айта кетейік, бұл заң журналистің құқығын шектемейді. Біз оны қатаң бақылайтын боламыз».

Журналистердің наразылығын тудыратын тағы бір ереже бар. Әлеуметтік желі қолданушыларына арналған пункттер БАҚ туралы заңға енген. Кәсіби заңгерлер интернеттің журналистикаға қатысы жоқ екенін айтады. Заң осы күйі қалар болса, блогерлер мен әлеужелі қолданушылары да осы заң шеңберінде жұмыс істейтін болады.

Гүлмира Біржанова, «Құқықтық медиа орталығы» қоғамдық қорының заңгері: «Әлеуметтік желі журналистика емес. Оны бұл заңға қосудың қажеті жоқ деп білемін. БАҚ өкілдері мен блогерлердің өздерінің жеке-жеке заңы болғаны дұрыс. Бұл профессионалдыққа жат дүние».

Бұл БАҚ-ы тарапынан туындаған сұрақтардың бір парасы ғана. Сарапшылар заң жобасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бәсекеге қабілетті медиа кеңістігін құру идеясын жоққа шығарады деп санайды. Журналистер қауымы Мемлекет басшысына жаңа заң нормаларын қайта қарауды өтінген. Себебі әзірге заң нақты күшіне енген жоқ.