Қайтпастықтар қоқыс тасушылардың жұмысына наразы

638
Қайтпастықтар қоқыс тасушылардың жұмысына наразы

Шымкенттегі Қайтпас шағынауданының тұрғындары қоқыс жинаушылардың жұмысына наразы. Айтуларынша, қатты тұрмыстық қалдық шығаратын «Эко транс сервис» мекемесі 2 мамырдан бастап өз міндетін орындамай отыр. Көшелері қоқысқа толған шағынаудан тұрғындары ашуға булығып, көшеге шықты.

Шағынауданның көшелері қап-қап қоқыс қалдығына толған. Қаңғыбас иттердің азығынан қалған тағам бұзылып, иісі қолқаны қабады дейді тұрғындар. Үш жетіден бері тұрмыстық қалдықты тазалайтын мекеме жұмысшылары қарасын көрсетпей кетіпті. Ал әкімдік өкілдері тұрғындармен келісім-шартқа қатты тұрмыстық қалдық шығаратындар тұрған, біз араласа алмаймыз деп ат-тонын ала қашыпты.

Қайтпастықтар қоқыс тасушылардың жұмысына наразы

Бұл шағынауданнан қатты тұрмыстық қалдық шығарумен «Эко спецавтотранспорт» серіктестігі үш жылдан бері айналысады. 7 мыңнан астам тұтынушысы бар мекеме соңғы кезде өз міндетіне немқұрайлық таныта бастағаны көрініп тұр. Айтар сылтауы – есеп-шоттары жабылып, техникалары бұзылып қалыпты.

Өздеріне қызмет көрсететін мекеме өкілінің бұл сөзіне сенбегені болса керек, тұрғындары бұл серіктестікпен келісім-шартты бұзуға бел буып отыр.

Нұрлан Күдерұлы