Қазақстандықтар МӘМС-ға наразылық білдіруде

158

Қазақстандықтар Мемлекеттік әлеуметтік медициналық сақтандыруға қатысты наразылық білдіруде. Көпшіліктің сөзінше, дәрігердің көмегіне соңғы бір жылдық жарна төленбейінше жүгіне алмайтын көрінеді. 12 ай ішінде емханаға бармадым деген азаматтар, бүгінде өтелмеген қарыздары кедергі болып жатқанын айтады.

Арайлым жоғары оқу орнын 2020 жылы тәмәмдаған. Ол белгілі бір себептермен жұмысқа жақында ғана орналасыпты. Сондықтан, бойжеткен өткен жылға медициналық сақтандыру қорына тиісті жарнаны төлемеген. Енді ол соңғы 12 ай ішінде дәрігер көмегіне жүгінбесе де, емханадан өзіне қажетті бірқатар тексеруден ақылы түрде өтуге мәжбүр болып отыр.

«Дәрігерлер сіз МӘМС-ті төлемегенсіз, -деп айтты. Сол үшін кейбір анализдерді ақылы түрде тапсыруға тура келді маған. Алайда мен өткен жылы жұмыссыз болуыма байланысты менде медициналық сақтандыруда  төлеуге мүмкіндік болмады,  ал ол жағдайды дәрігерлер түсінбейтінін, оны төлемеген жағдайда тиісті анализдер ақылы түрде болатынын айтты», дейді Арайлым.

Ал мамандар, ақпан айында медициналық көмек алу үшін 2021 жылдың қаңтарынан 2022 жылдың қаңтарына дейінгі барлық жарна төленуі тиіс, дейді. Әрбір азамат қарызы туралы емханадан немесе 24/7 «Қолдау» қосымшасынан біле алады. Сондай-ақ, олар төлемді терминал немесе екінші деңгейлі банктердің қосымшалары арқылы төлеуге кеңес берді.

Арапкүл Ізбасарова, Шымкент қалалық ММСҚ филиалы директорының орынбасары: «Бұл әлеуметтік салықты, табыс салығын, зейнетақы жарналарын және медициналық сақтандыруды біріктіретін біріңғай жиынтық төлемі, сомасы 3063 теңге. Оны үш айда төлеу керек, содан кейін міндетті медициналық сақтандыру жүйесі аясында медициналық көмекке кепілдік беріледі».

Ресми түрде жұмыс істейтін қазақстандықтар жалақысының 2%-ын МӘМС қорына аударады, тағы 3%-ын жұмыс беруші төлейді, барлығы 5%-ды құрайды. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды сақтандыру сомасы 3 мың теңге болса, жеке кәсіпкерлер 4200 тг төлеуі тиіс.

Яғни, ең төменгі жарна 36000 теңге. Ал кейбір азаматтар үшін бұл жылдық жарна жүз мыңға жетуі мүмкін. Дегенмен қызмет барлығына бірдей: мамандардың жетіспеушілігі, ұзын-сонар кезек және мемлекеттік медициналық мекемелерге тән бюрократия.

Аида Қарсыбайқызы