Сауда және интеграция министрі шымкенттік кәсіпкерлермен кездесті

47

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғарин Шымкентке келді. Сауда және интеграция министрі жұмыс сапары барысында қалалық кәсіпкерлер палатасында бизнес өкілдерімен кездесу өткізіп, мәселелеріне құлақ түрді. Әрі өткен кездесуде көтерілген проблемаларға тоқталып, шешілу жолын айтты.

Шымкенттік кәсіпкерлерді қандай мәселелер толғандырады? Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин үшінші мегаполиске жұмыс сапары барысында қалалық кәсіпкерлер палатасында бизнес өкілдерімен кездесу өткізіп, олардың сауалдарына жауап берді. Шенеунік ең алдымен өткен кездесуде көтерілген проблемалар туралы баяндады. Сөзінше, оңтүстік кәсіпкерлерінің сұранысы бойынша бірқатар мәселе өз шешімін тапқан.

Серік Жұманғарин, ҚР Сауда және интеграция министрі: «Бұл мәселе әртүрлі өңірлерде, Шығыс Қазақстан облысында, Астанада қой шаруашылығымен айналысатын азаматтармен кездескен кезде де бірнеше рет көтерілді. Жақында бұл мәселе шешілді – 22 ақпанда ведомствоаралық комиссияның отырысында жүнді әкетуге арналған экспорттық кедендік баждың нөлдік мөлшерлемесінің қолданылу мерзімі ұзартылды. Республикалық бюджет комиссиясының оң қорытындысын алғаннан кейін Министрлік өздеріне қатысты кедендік әкету баждары қолданылатын тауарлардың тізбесіне өзгерістер енгізу бойынша барлық қажетті рәсімдерді жүргізеді».

Елде тері өңдеу саласы қарқынды дамып жатыр деген Серік Жұманғарин кәсіпкерлердің өтініші бойынша экспорттық баж салығы жыл соңына дейін 200 еуродан 100 еуроға төмендетілгенін мәлімеді. Тіпті алдағы уақытта толығымен алып тасталуы да мүмкін екенін айтты. Осылайша тері мен жүн өңдеу саласында проблема жоқ деуге болады деді вице премьер. Ал базарларды жаңғырту мерзімін 2026 жылға дейін ұзарту мәселесі қалай шешілді?

«Сауда қызметін реттеу туралы» Заңға сәйкес, Республикалық маңызы бар қалаларда – Астана, Алматы және Шымкент қалаларында базарларды жаңғырту мерзімі 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін белгіленген. Бірақ орындаған жоқпыз. Себебі, несиенің бағасы өте қымбаттап кетті. Ол түсінікті мәселе. Қазіргі таңда Шымкентте бес базар бар. Қазіргі уақытта біз қаражатты қарап жатырмыз көмектесу үшін. Бірақ өте қиын. Сондықтан созылып отыр. Алдағы уақытта жаңа форматқа көшіру үшін жаңа жоба әзірлеп жатырмыз»,-деді  Серік Жұманғарин.

Министр оңтүстік кәсіпкерлеріне қолдау білдіру маңызды дейді. Өйткені, 3,5 млнға жуық адам қоныстанғандықтан оларды жұмыспен қамту үшін бизнес өкілдері қажет. Ал оларға мемлекет қолдау білдірмесе шығынға ұшырауы мүмкін. Сондықтан Серік Жұманғарин Түркістан мен Шымкенттегі кәсіпкерлермен пікір аламасып, ұсыныстарына құлақ түруге қашанда дайынмын дейді.

Серік Жұманғарин, ҚР Сауда және интеграция министрі: «Мақтаарал ауылында мақташылармен кездестім өткен аптада. Олар субсидиялауды қалдыруды сұрап отыр. Бұрын 50 пайызын мақташы төлеп сосын құжаттарын көрсетіп, үкімет сосын 50 пайызды өндірушілерге беретін еді. Қазір өзгерістер дайындалып жатқанын олар естіп, 100 пайыз төле біз сосын 50 пайызын қайтарамыз дегені әрине ұнамайды. Біз оны бұрынғы қалпында қалдырдық».

Жылыжай мәселесіне қатысты да шаруалардың пікірі ескеріліп, қазір ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Өйткені, вице премьердің сөзінше, жылыжайлардың басым бөлігі стандартқа сай емес. Сондықтан наурыз айының соңына дейін барлығы ретке келтіріліп, толық заңдастырылады.

Ал күзден бастап кәсіпкерлер субсидия ала бастайды. Сауда және интеграция министрі бизнес өкілдерін заң аясында, стандартқа сай жұмыс жасауға шақырады. Сонда ғана үкімет тарапынан барлық қолдау көрсетіледі дейді ол.