1 мамырдан бастап тегін жүретін азаматтар үшін бюджеттен 500 млн. теңге бөлінеді

0
фото Отырар.кз

Шымкентте 5 күннен бері мектеп оқушылары, 70 жастан асқан зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандар автобустарда тегін жүре бастады. Жаңа бастамаға қыруар қаражат бөлінген.

Үшінші мегаполисте 1 мамырдан бастап мектеп оқушылары, зейнеткерлер, жасы 70-тен асқан қариялар мен тағы бірнеше санатқа енетін тұрғындар автобуста тегін қатынай бастады. Ол үшін бюждеттен қосымша 500 млн. теңге бөлінген.

«Шымкентте білім басқармасының мәліметі бойынша 7 мен 17 жас аралығындағы мектеп оқушылары саны 259 174;
Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мәліметі бойынша 70 жастан асқан 91 000 зейнеткер бар;
Бұған дейін жол жүру ақысына жеңілдік берілген тұлғаларға 33 млрд. теңге бөлінген.
Ал жаңа шешімге сай қосымша 500 млн. теңге бөлінді»

Жаңа бастама қала бюждетіне қосымша салмақ салғанына қарамастан тұрғындар тиімділігін көріп жатқанын айтады. Әсіресе бірнеше оқушы өсіріп отырған отбасыларға керемет жеңілдік болды деген үшінші мегаполистіктер игілікті істі қолға алған азаматтарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ дейді.

«Негізі жақсы идея. Кейде сабақтан соң жолға ақша таппай қаламыз. Сондай кезде жақсы болды».

«Әрине тиімді. Себебі бірнеше баласы бар отбасы онсыз да ақшасын жеткізе алмай отырады. Енді жолдың тегін болған олар үшін тиімді. Сондықтан жауаптыларға алғысымды айтамын», – дейді қала тұрғындары.

 

Мегаполисте Төлем картасы арқылы жолақы төлеу құны 70 теңгені құрайды. Ал қолма-қол болса, 100 теңге төлейсіз. Жауапты мамандар қалада қоғамдық көліктерде ақысыз қатынайтындар қатары көбейгенімен, жолақы құны өгермейтінін айтады.

«Жеңілдікті қолданатын азаматтарды ескере отырып, ағымдағы жылы тасымалдаушылардың шығынын субсидиялауға 33 млрд. теңге бөлінді. Енді жаңа бастаманы жүзеге асыруға қосымша 500 млн. теңге қаралып жатыр. Ал жолақысына қандай да бір өзгеріс енгізу қазірше жоспарда жоқ. Төленетін қаржы көлемі сол қалпында қала береді», – дейді Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы Самат Нұржанов. 

Айта кетейік, әкімдіктегілер алдағы уақытта қоғамдық көліктер саны артатынын жеткізді. Әсіресе қаланың шеткі аймақатына қатынайтын көліктерді көбейту көзделіп отыр.