Шымкентте автобус қағып, мерт қылған 5 адамның өлімінен соң қоғамдық көлік жүргізушісінің жүрегі сыр беріп, қайтыс болды деген ақпарат тарады.
Мұндай мәліметті қала тұрғыны өзінің Instagram парақшасында жариялаған видеода айтқан. Оның сөзіне сенсек, жүргізушінің қайтыс болғаны туралы автобус апатынан көз жұмғандардың бірінің жаназасында айтылған. Мерт болғандардың бірі шымкенттіктің туысы екен.
Алайда қалалық Полиция департаментіндегілер бұл ақпаратты жоққа шығарды. Ведомстводағылардың айтуынша, жүргізуші уақытша ұстау изоляторында қамауда жатыр және денсаулығы жақсы.
Еске салсақ, Шымкентте 8 сәуір кешкі сағат 18:30 шамасында «Метро» сауда үйінің жанындағы екі көшенің қиылысында жүргізуші басқаруынсыз болған автобус өздігінен қозғалып, жаяу жүргіншілер жолында тұрған 6 адамды қағып кеткен еді. Салдарынан екі әйел мен жасөспірім оқиға орнында көз жұмды. Тағы екі адам ауруханада жан тапсырды. Жол апатынан көз жұмғандардың бірі — бес балалы жалғызбасты әйел. Тек бір ғана бойжеткен аман қалды, қазіргі таңда ол дәрігерлер бақылауында.
Жолаушылар автобусы тиесілі тасымалдаушы компаниясындағылар марқұм болғандардың отбасына материалдық көмек берілетінін айтты.
Жантүршігерлік жол апаты бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабының 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Ал жүргізуші оқиға болған күні уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Полицейлердің ресми мәліметі бойынша, жүргізуші автобусты жол бойында қол тежегішінде қалдырып, көліктен шығып кеткен.