Шымкенттік дәрігерлер автобус апатынан зардап шеккендердің жағдайын айтып берді

387

Күні кеше «Метро» сауда үйінің жанындағы екі көшенің қиылысында жүргізушісі басқаруынсыз автобус қарсы бағытқа шығып кетіп, жаяу жүргінші жолағында келе жатқан 6 адамды қағып кеткені туралы хабарлаған болатынбыз. Салдарынан екі әйел мен жасөспірім оқиға орнында және кәмелетке толмаған қыз жансақтау бөлімінде көз жұмған-тын. Тағы екі адам ауруханада жатыр.

Шымкенттік дәрігерлер автобус қағып кеткен қыздың жағдайы туралы айтты.
Дәрігерлердің айтуынша, қыз 2005 жылы дүниеге келген. Жол апатынан кейін қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер оның жағдайын орташа ауыр деп бағалап отыр, нейрохирургия бөлімінде жатыр.

Төтенше жағдайлар қызметіне апат туралы қоңырау 8 сәуір күні сағат 18:43-те түскен.

Оқиға орнына төрт жедел жәрдем көлігі жіберілді. Жедел жәрдем қызметкерлері зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жақын маңдағы ауруханаларға жеткізді.

Зардап шеккендер облыстық балалар ауруханасында, перинаталдық орталықта және Шымкент қалалық клиникалық ауруханасында емделіп жатыр.