Түркістан облысында 63 жайлы мектеп құрылысы жүргізіледі

54

Түркістанда 63 жайлы мектеп салынады. Онда апаттық жағдайда тұрған және үш ауысымды мектеп оқушылары білім алатын болады. Олар заманауи технологиямен жабдықталып, жоғары желілі интернетпен қамтылмақ. 

Түркістан облысында 60 мыңға жуық оқушыға арналған 63 жайлы мектеп салынады. Сол арқылы өңірдегі апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешу көзделген. Сонымен қатар ауылдардағы білім сапасын жақсарту мәселесі басты назарға алынған.

Тоқтар Усубалиев, ТО құрылыс басқармасының басшысы: “Тапсырмаға сәйкес Сауран ауданындағы 2 мектепті екі аймаққа бөліп салатын болдық. Мысалы біреуі апатты жағдайда тұрған Жетісай ауданындағы мектептің орнына салынады. Ал екіншісі Түркістан қаласына бекітілді”

Ұлттық жоба аясында күнгей өңірде 2024-2025 жылдары 300-ден 2500 орындыға дейін екі ауысымды мектептер бой көтереді. Олардың бәрін жоғары желілі интернетпен қамту көзделіп отыр. Және оқушылар мен ұстаздарға бөлек интернет кабелі тартылады.

Әсет Әбдіраханов, ТО цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы: “Мектептерде қауіпсіздік үшін впн мен дабылдар қою жүйесі қолға алынып жатыр. Ал интернет жүйесі бойынша тексеріс жүргізіліп жатыр. Балаларға интернет желісі қолжетімді болу үшін, мердігер компания желілерді алдын ала жүргізетін болды. Ол кабельдер оқушыларға бөлек, ұстаздарға бөлек тартылады”

Жоспар бойынша 2 жыл ішінде 800 мың бала жаңа оқу орнында білім алады. Өңір басшысы сала мамандарына ірі жобаны жүзесе асыру барысында қателіктерге бой алдырмай, құрылысты уақытылы аяқтауға тапсырма берді.


Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: “Біздің балаларымыз заманауи мектепте білім алуға толық құқылы. Бұл істе аса жауапкершілік пен жанашырлық қажет. Қағазбастылықтан арылып, жұмысты ширату керек”

Биыл 29 мектептің құрылысы басталып кетті. Олар заманауи жабдықтармен қамтылып, біріңғай стандартты зертханалар мен шеберханамен толығады. Сонымен қатар оқушыларға ыңғайлы болу үшін трансформер-парталар орнату жоспарланып отыр.