Шымкенттегі 21 мектепте бала саны нормадан артық

36
фото aigak.kz

Шымкенттегі 21 мектепте оқушы саны нормадан артық. Мәселені шешу үшін білім ордалары дәліздерде пластикалық кабинеттер қарастырған. Қалалық білім басқармасының басшысы арнайы брифингте мегаполистегі мектептердің жай күйі туралы толығырақ тоқталды. 

Үшінші мегаполистегі 21 мектепте бала саны нормадан артық. Қалада үш ауысымда оқытатын мектеп мәселесі толығымен шешілгенмен, білім беру мекемелеріндегі оқушы тығыздылығының проблемасы әлі де бар. Бұл туралы шаһардың бас ұстазы мәлімдеді. Нұргүл Шәмшиеваның сөзінше, білім беру ұйымдары бүгінде бұл жағдайдан шығудың амалын жасап жатыр.

Нұргүл Шәмшиева, Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы: «Бізде 23, 115 және 95-ші мектепте үш ауысымдық оқыту бар деген шағымдар болған. Біз осы мектептерге ескертусіз барып, барлығын тексеріп шықтық. Мектептер бұл жағдайдан дәліздерге пластикалық кабинеттер салу арқылы шықты. Қазір қалада үш ауысымды мектеп жоқ, бірақ 21 мектепте оқушы тығыздылығының мәселесі бар»

Қалалық білім басқармасы бұл мәселені шешу бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын айтады. Мәселен, биыл Шымкентте 12 «Жайлы мектеп» пайдалануға беріледі. Ал, келер жылы осы жоба аясында тағы 6 білім ұясы пайдалануға берілмек. Сондай ақ, биыл 14 мектепке қосымша құрылыс салынады.

Нұргүл Шәмшиева, Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы: «Қазір тізімде 14 мектепке қосымша құрылыс салу жоспарда тұр. Биыл осы 14 мектептің 4 мектебіне қосымша құрылыс салуға қаражат қаралған. Тағы 1 мектеп жаңадан Тельман ауданында салыну керек. Қазіргі уақытта Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, қалған 11 мектепті инфрақұрылымды дамыту қорынан салу бойынша келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Егер келіссөздер оң шешімін тапса,биыл 14 мектепке қосымша құрылыс салынады»

Сонымен қатар, мегаполистің бас ұстазы мектеп асханаларындағы тамақ сапасының бақылауда болатынын да жеткізді. Бұл бойынша арнайы комиссия жұмыс жүргізбек. Бас ұстаз білім ордаларындағы қандай да бір құқық бұзушылықтар бойынша қалалық білім басқармасына шағымдануға болатынын да айтты.