Түркістан жаңа IT университетпен толығады. Жоғары оқу орны Пенсильвания университетінің филиалы ретінде ашылады. Қазір АҚШ пен Түркістан арасында екі жақты келіссөздер жүргізіліп жатыр. Ал өңір басшысы шетелдік білім ордасын ашу облыстың өркендеуіне үлес қосатынын атап өтті.
Түркістан жаңа жоғары оқу орнымен толығады. Пенсильвания университетінің өкілі Стивен Барнс Күнгей өңірде IT саласы мамандарын даярлайтын халықаралық университет филиалын ашу туралы ұсынысымен келді. Кездесу барысында білім ордасының ашылу алғышарттары талқыланып, әріптестікті нығайту жолдары қаралды.
Стивен Барнс, Penn state университетінің Түлектер бағдарламалары және халықаралық бағдарламалар жөніндегі деканы: «Сәлелеметсіздер ме! Рамазан мүбарак. Түркістанға келу мақсатым – Үндістанның жетекші оқу ордасының филиалын Түркістанда ашуға көмектесу. Жол, ғимарат салу оңай, бірақ, білімді ұрпақ тәрбиелеу, сапалы білім жүйесін дамыту өте қиын іс. Мен Түркістанда оқу ордасының филиалын қысқа уақытта ашу мүмкіндігі бар екенін көріп тұрмын. Арнайы ғимарат бөлінсе, университет өз филиалын ашуға, мамандарын уақытша жіберуге және қазақстандық оқытушылардың біліктілігін көтеруге дайынбыз»
Қазір Түркістанда 2 ЖОО бар. Ал жаңа білім ұясы, қаланың жастар мекеніне айналуына өз септігін тигізеді. Сондықтан облыс басшысы АҚШ-пен әріптестікке мүдделі екенін жеткізіп, филиалды ашуға көмектесетінін айтты.
Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Түркістан қаласында IT университетінің филиалын ашуды қарастыруды ұсынамын. Осы жоба аясында облыс әкімдігі тарапынан барлық қолдау көрсетіледі, тиісті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге әзір екенімізді хабарлаймын. Біз тұрғындарымызға заманауи оқу ордасын ашып, олардың жан-жақты дамуына жағдай жасауымыз керек»
Бұл ұсынысты ҚР Ғылым және жоғарғы білім министрлігі де қолдап отыр. Сондықтан университет өкілдері келіссөзді жалғастыру мақсатында маусым айында қайта келеді.