Ұбақ, қолаңтөс атамын деп, 3 млн. теңгесінен айырылды

122
 18.04.2023 жылы Арыс аудандық сотымен сотталушы А.Ж-ға қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 337-бабы төртінші бөлігінің 2)-тармағымен қозғалған қылмыстық істі қарады.
 Сотта анықталғандай, сотталушы А.Ж. 2023 жылғы 14 қаңтар күні сағат 17:30 шамасында, өзінің атына тіркелген 12 калибрлі қос вертикалды ұңғылы «МР-27ЕМ» маркалы аңшы мылтығымен Арыс ауданы, Байырқұм ауылдық округіне қарасты Борлы қыстағының шығыс беткейінде 1 дана қырғауыл және 3 дана сирек кездесетін, құрып кету қаупі бар, «Қызыл кітапқа» енген ұбақ, қолаңтөс (Syrrhaptes paradoxus, Сажда) құстарын атып, заңсыз аң аулаған.
 Сотта істі қарау барысында сотталушы А.Ж. өзінің кінәсін мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін айтып, заңсыз аңшылықтың салдарынан қоршаған ортаға келтірілген 3 130 875 теңге залалды толық төлеп өтеді.
 Сот үкімімен сотталушы А.Ж ҚК-нің 337-бабы төртінші бөлігінің 2) – тармағымен көзделген қылмысты жасағанына кінәлі деп танылып, оған аң аулау кәсібімен айналысу құқығынан 3 жыл 6 ай мерзімге айыра отырып, 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Бұл туралы Арыс аудандық соты хабарлады.
 Сонымен бірге, қылмыс құралы болып табылған сотталушының аңшы мылтығы мен оқ-дәрілері тәркіленді. Сот актісі заңды күшіне енбеген.