Төтенше жағдайлар департаментіне Шымкентте 7 баллдық жер сілкінісі орын алғаны туралы хабарлама түсті. Жер сілкінісінің орталығы Қаратау ауданы Нұртас шағынауданы. Төтеншеліктер сейсмикалық жағдай туралы хабар алысымен, тұрғындарды қауіпсіз аймаққа көшіруге кірісті. Сейсмикалық жағдай туындаған сәтте жасалуы тиіс әрекеттерді пысықтау мақсатындағы жаттығу кезінде қала тұрғындарының әрекеті қандай болды?
7 баллдық жер сілкінісі орын алғанын естіген шымкенттіктер бірден үйін тастап, қауіпсіз аймаққа шығып жатыр. Шартты түрде зардап шеккен халыққа 123 эвакуациялық-жинау пункті дайындалған. Тұрғындар олардың орналасқан аумағын 2GIS мобильді қосымшасы арқылы білуіне болады. Бірақ бұл сейсмикалық жағдай туындаған кезде азаматтардың әрекетін білу мақсатында ұйымдастырылған оқу-жаттығудың бір көрінісі. Дайындық шарасы жер сілкінісінің орталығы Нұртас шағынауданында өтті.
Бүгін сағат 11:00-де 157 дабылқаққыш-сөйлеу құрылғысы, СМС хабарламалар, цифрлық 26 теле және 3 радиоарналарды ұстап алу құралдары және арнайы мақсаттағы автомобильдердегі жылжымалы дыбыс-күшейткіш қондырғылары арқылы хабарландыру айтылды.
Жәнібек Кәрімбаев, Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары: «Бүгінгі оқу-жаттығудың негізгі мақсаты — қала тұрғындары мен қонақтарына сейсмикалық жағдай туындаған кезде атқарылатын іс-әрекеттерді түсіндіру. Оқу жаттығуының сценариіне сәйкес көп қабатты үйлердің қирауы және коммуналдық қызметтердің жүйеден шығуына байланысты қаланың 21 азаматты қорғау қызметкері бірігіп туындаған жағдай кезінде дер кезінде электр, газ, судың бәрін жауып, зардап шеккендерді аман-есен құтқарып алып қауіпсіз аймаққа жеткізу жүргізілді».
Шымкенттегі көпқабатты үйлер 7-8 балдық жер сілкінісіне төтеп бере алады. Осылай деген қала әкімі Мұрат Әйтенов мегаполистегі үйлердің құрылысы сапалы екенін айтады. Өйткені, құрылыс заттарының басым бөлігі Ресейден әкелінеді. Және тексеруші-қадағалушы мамандар сапаға баса назар аударады дейді. Дегенмен, қалада тозығы жеткен ғимараттар да баршылық.
«Дегенмен қалада 60 пайыздай Кеңес одағы кезінде салынған ескі үйлер бар. Сондықтан біз хаттамамызда тапсырма берілді. Қазір мекемені белгілеп жатырмыз. Осы үйлердің барлығын тағы да бір үлкен сеймикалық аудиторлықтан өткізу, жағдайды білу, кейін оны қалпына келтіру керекпіз»,-деді қала әкімі.
Жалпы сейсмикалық жағдай кезіндегі оқу жаттығулары білім орындарында және ірі кәсіпорындарда әр 3 ай сайын жүйелі түрде өткізіліп отырады. Ал жалпы қала тұрғындарымен бірлесіп бірінші рет ұйымдастырылды. Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің айтуынша, азаматтар даблқаққышқа бей жай қарамай, мамандардың нұсқаулығын толық орындады.