Шымкент тұрғындары Жеңіс күнін атап өтті

109

9 мамыр – Жеңіс күніне орай «Даңқ» мемориалы алдына гүл шоқтары қойылып, ҰОС ардагерлеріне құрмет көрсетілді. Салтанатты шараға қала әкімі Мұрат Әйтенов, қоғамдық және энтомәдени бірлестіктердің төрағалары, аудан әкімдері мен қала тұрғындары қатысты. Олар ұрыс даласында қаза тапқан сарбаздарды бір минуттық үнсіздікпен еске алып, «Даңқ» мемориалын аралады.

Ұлы Жеңіске – 78 жыл! Шымқала жұрты батыр бабалар рухын ардақтап, Жеңіс күнін жоғары деңгейде атап өтті. Бүгінгі таңда үшінші мегаполисте сұрапыл соғыс куәгерлерінен тек 3 ардагер ғана қалған. Қала тұрғындары батырлар ерлігіне тағзым етіп, Отанды қорғау жолында қаза болған сарбаздарды бір минут үнсіздікпен еске алды.


Жақындарының есімін ұлықтап, гүл шоғын қою үшін келген жандар да аз емес. Жиналғандар ел қорғаған батырлар есімін ешқашан ұмытпау керектігін айтады.

Отан үшін от кешкен батыр бабалар ел есінде мәңгі сақталады. Қала әкімі мен шаһар тұрғындары ата-баба ерлігіне тағзым жасап, мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды.

Сондай-ақ, жиында ардагерлер мен қонақтарға «дала ботқасы» ұсынылып, театрландырылған қойылым көрсетілді. Өнерпаздар «Жеңіс күні», «Катюша», «Ана туралы баллада» әндерін орындады.

Ұлы Отан соғысының ардагері, радио операторы бооған Нина Мосунова сұрапыл соғыс уақытын еске алғанды ұнатпайды. Тіпті сол кезеңді ойға салатын әуенді естігенде жүрегім ауырады дейді ол. Жеңіс күніне орай бұрынғы радиотелефонистті қала әкімі Мұрат Әйтенов арнайы құттықтады. Әскери оркестр де соғыс ардагері үшін ән шырқады. Бейбіт заманның мәңгі болуын тілеген Нина Егорқызы ел үшін жанын қиған батырларды жас ұрпақ ұмытпаса екен дейді.

Нина Мосунова, Ұлы Отан соғысының ардагері: «Бастысы соғыс болмасын. Қалғаны жақсы болады. Денсаулықтарың жақсы болсын, жақсы білім алыңдар. Құттықтап келгендеріңе көп рақмет! Марқайып қалдым. Енді соғыс болмасын, ұрпағымыз көбейе берсін!».

Сұм соғыста ерлік көрсеткен батырлар саны жыл сайын азайғанымен, оларға көрсетілер құрмет – артпаса кеміген жоқ. Ұлы Отан соғысының ардагері, батыр Мұратәлі Төлепбергенұлы биыл мерекені жұртпен бірге қарсы алды. Майдангер небәрі 18 жасында әскерге шақырылған. Елге аман-есен оралған соң да халық игілігі үшін қызмет етуді тоқтатқан емес. Қазір 98 жастағы қария немере-шөберенің ортасында бақытты ғұмыр кешуде.

Мұратәлі Төлепбергенұлы, Ұлы Отан соғысының ардагері: «Польша жерінде соғыстым, радист болып істедім. Польша жерінен кейін 16 сәуір 1945 жылы біздің әскерлер барлық дайындықты жасап, 16 сәуірде 22 мың зеңбірек, миномет, катюша бәрі жиылып, оқ атып 4 сағатта немістің Одыр қаласын басып алуға қатыстық».

Қала әкімі ардагерлерді арнайы құттықтап, бабалар ерлігі ұмытылмайтындығын айтып, қарияларға ұзақ ғұмыр тіледі.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлердің бәріне қала тұрғындарының атынан, жас буындардың атынан алғысымызды білдіруге кіріп-шықтық. Ұлы Отан соғысына қатысып, жеңіске үлес қосқан ардагерлерімізге үлкен алғысымызды білдіріп келдік. Өкінішке қарай жыл сайын біздің ардагерлеріміз азайып жатыр. Дегенмен, олар ешқашан ұмытылмайды!».

Соғыс жылдарында Шымкенттен 23 мыңнан астам адам майданға аттанған. Ал 11 мыңнан астам жауынгер елге қайта оралмады. Бүгінде Шымкент қаласында Ұлы Отан соғысының небәрі 3 ардагері және 2 мыңнан астам тыл ардагері тұрып жатыр.