Шымкенттегі №1 қалалық клиникалық ауруханада 200-ші бүйрек трансплантациясы өтті. 3,5 сағат ішінде Абылай Донбай бастаған 6 хирург 37 жастағы ер адамға інісінің бүйрегін салды. Адам өмірі үшін күрескен күрделі ота сәтті өтті.
Бет-бейнесін жасыруды сұраған 37 жастағы ер адам 6 жыл бойы қанды тазартуға арналған гемодиализге тәуелді болған. Оның толық әрі салауатты өмірге деген үміті — туыстарының арасында бүйректің топтық және тіндік үйлесімділігіне сәйкес келетін донор табылған кезде пайда болды.
«Қазіргі таңда денсаулық жағдайым бірқалыпты, бүкіл денсаулық көрсеткіштері өз қалпына келіп жатыр. Жалпы 8 ай диализде болдым, 8 айдан кейін бүйрек трансплантациясы жасалды. Жалпы жағдайым жақсы, аппетит жақсы, ұйқым тыныш, қан қысымым тұрақты», — дейді науқас.
Бүйрек жеткіліксіздігі — бұл, бір немесе екі бүйрек өз функциясын толық орындай алмайтын жағдай. Ол — гипертония, қант диабеті, жүрек жеткіліксіздігі және басқа аутоиммунды аурулардан туындауы мүмкін. Бүгінгі таңда 1000-ға жуық науқас әртүрлі аурулардан зардап шегеді.
Абылай Донбай, № 1 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері: «Өзіміздің Шымкент қаласына келетін болсақ, 1000 адамдай бүйрек жетіспеушілігімен ауырады, жасанды бүйрек аппаратына тәуелді. Сол науқастардың санын азайтып, толыққанды өмір сүруіне біз әрекет жасап жатырмыз».
№1 қалалық ауруханада 10 жыл ішінде 200 бүйрек трансплантациясы және 30 бауыр трансплантациясы жасалды. Бас дәрігер Абылай Донбайдың сөзінше, бұл — Шымкент қаласы үшін үлкен жетістік. Алайда, донорлық органдардың жетіспеушілігі – бүгінгі таңда өте өзекті мәселе.
Абылай Донбай, № 1 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері: «Ауруханада жалпы бүйректен басқа бауыр трансплантациясы жасалып жатыр. Енді болашақта жүрек, асқазан асты безі және басқа да трансплантациялар жасауға болады, мүмкіншілік бар. Оған заманауи аппараттар, медициналық құралдар барлығы жағдай жасалған. Донор жетіспеушілігі бізде әлем бойынша мәселе бар. Ол үшін – мәйіттік трансплантацияны дамыту керек, ал оны дамыту үшін – заңнаманы дұрыстау керек».
Қазіргі таңда үйден шықпай-ақ, электрондық үкімет порталында өлімнен кейін органдарды алудан бас тарту немесе келісу туралы маңызды шешім қабылдауға болады.
Жалпы, жүрек, өкпе, бауыр, ұйқы безі, екі бүйрек, аш ішек және әртүрлі тіндерді ағзалар трансплантациялауға жатады. Бір донор кем дегенде жеті адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін. Айта кетейік, қазір бүйрек жетіспеушілігімен Шымкент қаласы бойынша 2000-ға жуық науқас тіркеуде тұр.
Гүлдана Дәурен