Бүйрек сатамын, бүйрек…

Тіпті донор іздеп жүрген науқас пен бүйрек сатқысы келетіндерге көмектесетін делдалдар да пайда бола бастапты.

«Сәлеметсіздер ме? Мен еріксіз өз бүйрегімді сатуға мәжбүрмін. Тез арада ақша керек. Жасым 21-де, денім сау, темекі тартпаймын».

Ғаламтордағы осындай жарнамалардан көз сүрінеді. Тіпті донор іздеп жүрген науқас пен бүйрек сатқысы келетіндерге көмектесетін делдалдар да пайда бола бастапты. Шынын айтқанда, бізге тез арада заңсыз донор мәселесін реттейтін заңнама қажет. Әйтпесе, әлдебір пысықайлар оңай олжаны пайдаланып, жасырын бизнесті дөңгелетіп әкететін түрі бар.

Қазыбек САРЫБАЕВ, Ә. Қаттани мешітінің наиб имамы:

– Ислам ғұламалары шариғатта бір ғана жағдайда, яғни мұқтаж жанға өз мүшесін қайырымдылық жасауға, садақа ретінде беруге болатынын айтады. Науқастың беті бері қарағаннан соң, донорға ризашылығын беріп, садақа беруіне де болады. Жалпы, адамның бүкіл дене мүшесіне Алла тағала ғана ие. Үзіліп бара жатқан адамның мүшесін туған-туыстарының келісімінсіз мұқтаж науқасқа беруге болмайды. Егер, марқұм көзі тірісінде сауап үшін өз келісімін берген болса ғана мүшені алуға рұқсат. Жалпы, адамның денесі тірі кезінде қандай сыйлы болса, өлі кезінде де сондай мүбәрак болуы қажет.

Ғаламторда ағза мүшелерінің саудасы қызып тұр. Қалтаңыз қалың болса, кез-келген мүшені шертіп жүріп таңдап аласыз. Міне, қараңыз: бүйрек – 30 -100 мың доллардан. Жүрек 60 мың доллардан жоғары. Бауыр 50 мың доллардың төңірегінде. Жұлын керек болса, 30 мың долларды дайындасаңыз болды. Әрине, сұраныс бар. Әсіресе, бүйрекке зәрулік артып отырғанын байқау қиын емес. Оның үстіне бір бүйрекпен өмір сүруге болатынын жақсы білетін донорлар қаржыдан қысылғаннан осындай әрекеттерге барып та жүр. Статистикалық мәліметтерге сүйенер болсақ, бүгінде ОҚО-да 300-ге жуық науқас бүйрек трансплантациясының кезегінде тұр екен. Сала мамандары мұндай оталарды іске асыруға қазір отандық медицинаның қауқары жетеді дейді. Дәрігерлердің біліктілігіне де сенім артуға болады. Алайда, донорлықтың түйіні тарқатылмай тұр. Себебі, кез-келген науқастың әлгіндей бағаға орган сатып алуды қалтасы көтермейді. Әйтсе де, былтырғы жылдың наурыз айынан бастап өңірде 19 адамға бүйрек трансплантациясы жасалған. Дәрігерлер мұны жергілікті халықтың бауырмалшылдығымен түсіндіреді. Бүйрегі ауыстырыл-ғандардың барлығына да донор – ата-анасы, туған-туысы болған. Отаны іске асырған Шымкент қалалық №2 Жедел жәрдем ауруханасының қызметкерлері «Қос бүйректі бөліскен жандардың жағдайы қазір жаман емес. Мүгедектік алған ешкім жоқ», – дейді. Жалпы, дәрігерлер бір бүйрекпен қалыпты жағдайда өмір сүруге болатынын және отадан кейін ешбір органның функциясы бұзылмайтынына сендіреді. Дегенмен, трансплантациялық операцияға дейінгі процестің науқасты да дәрігерді де қажытатыны жасырын емес. Орган берушінің денсаулығын тексеру бірнеше сатылы медициналық сараптамадан өтеді. Органның сәйкестігі де маңызды. Осынау отаны жасап жүрген дәрігерлердің сөзіне қарағанда, донордың жынысына да көңіл бөлінеді. Сала мамандары жалпы, донорлыққа денсаулығында кінараты жоқ, салауатты өмір салтын ұстанатын ер адам таңдалуы тиіс деп кеңес береді. Дәрігердің басы екеу емес, донордың келісімі де жан-жақты тексеріледі. Елімізде мұндай түйткілдер заңдық тұрғыдан жүйеленбегендіктен, әзірге бар тауқымет сырқат жандар тарапына жүк салуда.

Бүйрек сатамын, бүйрек...

Осындай ауыртпалықтарды күнгей жерінде алғаш болып, шымкенттік тұрғын Асқар Қарабеков бастан өткерді. Ең алғаш бүйрегін ауыстырған азамат ағзаға зәрулікті жақсы түсінеді. Ол қазір халық арасында донорлықты насихаттайтын «Өмірге – үміт» атты қоғамдық бірлестік ашудың қамымен жүр. Жаны жаралыларға жәрдем беруді жолға қоятын ұйымды қолға алған ол «О, дүниелік болып кетсем, орган қажет ететін науқастың керегіне жарауға дайынмын», – дейді. Және өзіне ниеттес азаматтарды жинап, елімізде донор мәселесін шешуге мұрындық болмақ.

Орынкүл НАРМАНОВА, Шымкент қалалық Жедел-жәрдем ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

– Трансплантациялық отаның машақаты көп. Себебі, елімізде бұл саланы реттейтін заң жоқ. Соның салдарынан трансплантация саласын дамыту мүмкін болмай тұр. Донор мәселесін шешетін уақыт жетті. Себебі, ағзаға зәрулік жыл өткен сайын артып келеді. Сондықтан бұл мәселеге бүгінгі қоғам түсіністікпен қарауы тиіс. Бір ғана мысал, қазір бүйрекке зәру 300 науқас мүгедектің күйін кешіп жүр. Олар не дұрыстап тамақтана алмайды, зәр шығаруы қиын болғандықтан, қара суды да шектеуге тура келеді. Аптасына үш рет ауруханаға сабылып, ем-дом алуға нұсқау алған. Мұның барлығы қоғамға өзінің кері әсерін тигізіп отырғанын көріп отырмыз.

Адам ағзасында бүйрек екеу, сондықтан да бір бүйректі беріп, бір бүйрекпен өмір сүруге болатынын жоғарыда айттық. Бауырды да теңдей бөлісіп, күнелтіп жүргендер де бар екен арамызда. Ал жүрек жалғыз, оны ауыстыру керек болса, не істейсіз, әрине донор іздейсіз. Асқар Қарабеков дамыған елдердің тәжірибесіне сүйене отырып, жүрекке зәруліктің шешімін табуды ойластырып отыр. Оның пікірінше, өркениетті қоғам өкілдері үзілер шағында дәрігерлер сау деп тапқан органын мәйітханаға өткізуге келісім беріп кетуі қажет деп санайды. Айта кетейік, бүгінде облыс бойынша жүрек трансплантациясының кезегін әртүрлі жүрек ақауы бар 22 адам күтіп жүрген болса, 19 науқас бауыр алмастыруға үмітті.

Бүйрек сатамын, бүйрек...

Дегенмен, бүгінгі қоғам трансплантациялық оталарға оң көзқарас таныта алмай отыр. Өйткені біздің халықтың мен­талитеті, наным-сенімі өлім аузында жат­қан туысының органын пайдалануға ке­лісімдерін беруге кедергі келтіреді. Мұндай келісім Ислам дінінде де құпталмайды. Әйткенмен, мұқтаж адамға ағзаны қайырымдылық жасауға қарсылық жоқ.

Түйін:

Қалай десек те, жаңа заң, ауадай қажет. Және ол уақыт күттірмейді. Өйткені бүгін шұғыл түр­де заң қабылдап, «бүйрек сатам» деу­ші­лерге тыйым салмасақ, ертең олардың қа­ра базарының қазаны қайнауы мүмкін. Ал ол өз кезегінде Пәкістандағы сияқты заң­сыз трансплантация жасайтын жа­сы­рын емханалардың ашылуына ықпал етуі ық­тимал. Егер оларға заңмен ты­йым салмасақ, әлдебіреулердің өзімізде болмаса, көрші елдерге барып бүйрегін сатпасына ешкім де кепіл бола алмайды. Ал бүйрегін ақ­шаға сатып мүгедек болып жатса, оған біз­дің ел ертең жәрдемақы төлеуі керек. Он­дай жағдайда, біріншіден, еліміздегі мү­гедектердің саны өссе, екіншіден, олар­ға жұмсалатын шығынымыз арта түседі. Сондықтан шұғыл заң қабылдау қажет. Себебі, заң, біріншіден, донор мәселе­сі­нің күрмеуін шешеді, екіншіден, заңсыз ағзасын саудалаушыларға тосқауыл қояды. Және заң қабылдауда өзге елдердің тә­жірибелерін таразылаған да дұрыс бо­лар. Мәселен, АҚШ-та жүргізуші куәлігін ал­ған кезде әр азамат «көлік апатына не­месе басқа да апатты жағдайға душар бо­лып, өлім аузына түссем, ағзамды до­нор­лық мақсатқа пайдалануға келісімімді беремін» деп қол қойып беретін көрінеді. Ол мәліметті орталық базаға тіркеп, қажет болған жағдайда пайдаланады екен. Ал кейбір елдерде кәмелет жасқа толған аза­мат­тар трансплантация орталығына ба­рып, келісімшарт негізінде донор болуға келісетін көрінеді…

Мақпал РЫСБАЕВА