Шымкентте 53 жастағы әке қызына бүйрек доноры болды

1116
донор

Шымкентте 53 жастағы ер кісі қызына донор болды. Донорлық бүйрек трансплантациясы Түркістан облыстық клиникалық ауруханасында жасалды.

Ағза алмастыру операциясы кезінде хиругтар донордың бүйрегін лапароскопиялық әдіспен алып, содан кейін реципиентке трансплантация жасады. Транспланталогиялық күрделі отаны жасау үшін облыстық клиникалық ауруханаға Ұлттық хирругия ғылыми орталығының төрағасы, профессор Болатбек Баймаханов бастаған бір топ дәрігер келді. Білікті мамандар жасаған операция барысын жергілікті хирургтар тікелей эфир арқылы көріп, тәжірибе жинақтады. Мұнан бөлек алдағы уақытта бұл аурухана базасында бауыр алмастыру отасы жасалмақ.

«Бүгін осы саланы дамыту бойынша арнайы келіп отырмыз. Алдағы уақытта бауыр алмастыру, яғни донорлық бауыр трансплантациясын жасау жоспары бар. Шыны керек, бұл үлкен өңір, біз қазір үлгермей жатырмыз»,-деді профессор Болатбек Баймұханов.

Трансплантацияланған бүйректі имплантациялау операциясы шамамен 1,5 сағатқа созылды. Ұлттық хирургиялық ғылыми орталығының білікті дәрігерлері шеберлік сабағы ретінде облыстық клиникалық аурухана базасында донорлық бүйрек трансплантациясынан бөлек ісіктерді алып тастау сынды бірнеше күрделі ота жасады. Ақ халаттылар операциялардың барлығы да сәтті өткенін айтты. Мастер-класқа облыстық клиникалық аурухананың хирург-дәрігерлері ғана емес, аудандық ауруханалардың басшылары мен мамандары да қатысып, тәжірибе жинақтауға мүмкіндік алды.