Жыл басынан бері Шымкентте 39 адамға бауыр мен бүйрек ауыстыру отасы жасалды. Соған қарамастан, елімізде әлі де төрт мыңнан астам азамат ағзасын ауыстыру үшін кезекте тұр. Бұның басты себебі – донорлардың аздығы, дейді мамандар. Мәселені шешу жолы қандай?
«Болашаққа үмітпен қарап, донор күткендер әлі де көп». Шымкентте жыл басынан бері 39 адамға бауыр мен бүйрек ауыстыру отасы жасалды. Ағзасын алмастырғандардың бірі – Ульяна Нұрметова. Алты жыл бойы ауырып, хәл үстінде жатқан әйелге туған қызы өз ағзасын еш ойланбастан берген. 20 жастағы Эльвира бұл шешіміне еш өкінбейтінін айтады.
Эльвира Сахаватдинова, донор: «Біз отбасыда 5 бауырмыз. Туыстық бауыр трансплантациясы бар екенін естігеннен кейін, екі бауырым 18-ге толмаған. Қалған үшеуіміз тексеріліп, тексеру барысында менікі тура келетінін біліп, анамның жағдайы үшін, денсаулығы үшін келістім».
Эльвираның анасы сол кезеңдерді ұмытқан емес. Әлі күнге дейін сол күнді еске алғанда көзіне жас келеді. Ол үшін бұл шешім қорқынышты әрі ауыр болыпты. Тіпті қызының амандығына алаңдап, көпке дейін келісім бере алмағанын айтады.
Ульяна Нұрметова, реципиент: «Қызым донор боламын деді маған. Жоқ маған донор керек емес. Мен сенің өміріңе балта шаппаймын. Келешекте тұрмыс құрасың, отбасың болады. Маған донор болмай-ақ қой, – деп көнбедім мен. Қызым донор боламын деп тұрып алды. Кейін дәрігерлердің айтуымен оның денсаулығына зиян болмайды, барлығы жақсы болады деген соң келістім».
Айта кетейік, келер жылы облыстық клиникалық ауруханада дәрігерлер 43 бауыр мен бүйрек ауыстыру отасын өткізуді жоспарлап отыр. Бүгінде елімізде күту парағындағы науқастардың саны 4 мыңнан асып жығылады. Бұл – тек ресми түрде тіркеліп, донорын күтіп жүргендер ғана, дейді мамандар.
Жанболат Ділдабеков, Облыстық клиникалық аурухананың бас дәрігері: «Жалпы дүниежүзінде мәйіттік трансплантация қатты дамыған. Негізі қауіпсіз трансплантация – мәйіттік трансплантация. Бас миы қызметін тоқтатқан науқастардың органдарын туыстарының рұқсатымен алуға болады. Егер осындай мәйіттік трансплантация бізде дамитын болса, трансплантацияға мұқтаж, күту парағындағы науқастардың саны айтарлықтай азаяр еді».
Ал туысы донор бола алмаған науқастар үшін жалғыз мүмкіндік – мәйіттік трансплантация болып қала бермек. Дәрігерлердің айтуынша, адам өмірі үшін әлемдік тәжірибені терең зерттеп, соның ең тиімді жолдарын үйрену – бүгінгі күннің басты талабы.
Лаура Бабас






