Úı ANONS Шымкентте ATP CHALLENGER 50 турнирі өтіп жатыр

Шымкентте ATP CHALLENGER 50 турнирі өтіп жатыр

Бұл турнир — әлемдік рейтингтегі позициясын жақсартуға тырысатын ойыншылар үшін маңызды кезең. Негізгі кестеде 25 елдің өкілдері мәлімделген. Бұл — бәсекелестіктің жоғары деңгейін және топырақ төсенішіндегі ойын стильдерінің әртүрлілігін білдіреді. Қазіргі таңда қазақстандық теннисшілердің өнеріне ерекше назар аударылып отыр.

 

Олардың қатарында жас спортшылар — Әмір Омарханов пен Заңғар Нұрланұлы бар. Олар үшін өз жерімізде өтіп жатқан «Challenger» додасы үлкен кәсіби тенниске өтудің маңызды сатысы болмақ. Бұдан бөлек, жарысқа Қазақстан құрамасының тәжірибелі мүшелері — Тимофей Скатов, Денис Евсеев және Григорий Ломакин қатысуда. Айта кетейік, турнирдің жалпы жүлде қоры 63 мың долларды құрайды.

 

ДАМИР ЖАЛҒАСБАЙ, ТЕННИСШІ: «Біріншіден, мұнда құрам әрқашан өте мықты болады. Тәжірибе жинаудан бөлек, өзіңе деген сенімділікті арттырып, мықтылармен күш сынасуға мүмкіндік бар. Өз тактикаңды байқап, сенің ойын жоспарың қарсыластың жоспарына қалай төтеп беретінін, олардың қандай шешім қабылдайтынын көруге болады. Маған өте жағымды әсер қалдырғаны — мен Бразилияда болғанымда, Бублик пен Рыбакинаның арқасында Қазақстанның теннисшілерін танып, оларды құрметтейтінін байқадым».

 

Аталған турнир Қазақстандағы теннис спортының дамуына оң ықпал ететін айтулы оқиға. ATP Challenger 50 жарысы отандық спортшыларға рейтингтік ұпай жинауға және мықты қарсыластармен шеберлік байқасуға жол ашады.

 

 МЕДЕТ БАЙКЕН, ҚАЗАҚСТАН ТЕННИС ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ: «Бұл дода Шымкент қаласында алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Соңғы 18 жылда теннисті үздіксіз дамытып келе жатқан қала әкімдігіне және теннис федерациясының президентіне алғыс айтамыз. Осы жылдар ішінде жалпы инвестиция көлемі 200 миллион доллардан асатын 39 теннис орталығы мен 400 теннис корты салынды. Қазіргі таңда Қазақстан бойынша халықаралық ITF аккредитациясынан өткен 400 маман жұмыс істеп жатыр. Шымкент тегін таңдалған жоқ: мұндағы ауа райы мен топырақ төсеніші әлемдік озық стандарттарға сай, әрі логистикалық тұрғыдан да бұл турнирді өткізуге өте ыңғайлы».

 

Шымкенттегі турнирлер сериясы екі кезеңде өтеді: 19-25 сәуір аралығында және 26 сәуір мен 3 мамыр аралығында.

Ботакөз Әнуар