Úı ANONS Теннис — Шымкентте ATP Challenger 50 турнирінің негізгі кестесі түзілді

Теннис — Шымкентте ATP Challenger 50 турнирінің негізгі кестесі түзілді

Шымкентте қатарынан екінші мәрте ұйымдастырылған ATP Challenger 50 сериялы турнирінің негізгі кезең ойындары бастау алды. Дүбірлі додада әлемнің 25 елінен келген 64 теннисші бақ сынасуда. Мамырдың 3-іне дейін жалғасатын жарыстың алғашқы айналымында-ақ жанкүйерлер тартысқа толы кездесулерді тамашалады. Мәселен, Өзбекстан намысын қорғайтын Сергей Фомин Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы Тимофей Скатовтан басым түсіп, келесі кезеңге жолдама алды.

 

СЕРГЕЙ ФОМИН, ӨЗБЕКСТАН ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМАСЫНЫҢ ТЕННИСШІСІ: «Мұндай деңгейдегі турнирге қатысып жатқаныма өте қуаныштымын. Шымкент мен үшін өз үйімдей болып кеткен ыстық қала. Бірінші турнирді сәтті аяқтап, бастапқы кезеңде Тимофей Скатовты жеңдім. Ойындар оңай болған жоқ, күн сайын үш сетке созылған қиын матчтар өтті. Төгілген тер мен табанды еңбектің жемісін көріп жатырмын. Екінші турнирде де осы қарқынды жоғалтпай, жеңіске жетемін деген үмітім бар. Әр матчта, ең алдымен, өз-өзімді жеңуге, ішкі толқынысты басуға тырыстым».

 

Шымкенттегі алғашқы айналымның басты тартысы — ұлттық құраманың тәжірибелі мүшесі Денис Евсеев пен 18 жасар Әмір Омархановтың арасындағы кездесу болмақ. Сондай-ақ, әлемдік юниорлар рейтингінің үздік ондығына енетін 17 жастағы отандасымыз Заңғар Нұрланұлы үшін де бұл дода үлкен сын болғалы тұр.

 

Жеребе қорытындысы бойынша оған турнирдің бірінші нөмірлі ойыншысы Эдас Бутвилас қарсылас атанды. Өкінішке қарай, қазақстандық теннисшілердің бірқатары іріктеу кезеңінен аса алмады. Дамир Жалғасбай, Григорий Ломакин, Арсений Требухин және Тимур Сауленко сынды спортшыларымыз іріктеу сатысында сүрініп, жарыс жолын ерте аяқтады.

 

ӘДІЛЕТ ПІРІМҚҰЛОВ, «Теннис федерациясы» РҚБ Шымкент қалалық филиалының директоры: «Бүгінде Шымкент еліміздің теннис орталығына айналды десек артық айтқандық емес. Қатысушылар мен шетелдік қонақтардың қарасы қалың. Әлемдік деңгейде алсақ, Қазақстанда теннис спорты өрлеу үстінде, үздік ойыншыларымыз топ-3 қатарынан көрініп жүр. Ал аймақтық деңгейде Шымкент қаласы тенниспен айналысатын балалар саны мен халықаралық жарыстардағы жеңімпаздар бойынша үздік үштікті бастап тұр. Алдыңғы турнирде жас спортшыларымыз іріктеу кезеңінен сәтті өтіп, ересектер арасында өздерінің мықты екенін дәлелдей білді».

 

Жақын арада Шымкент төрінде тағы бір беделді халықаралық додалар — Billie Jean King Cup Juniors және Davis Cup Juniors турнирлерінің жалауы желбірейді. 16 мемлекеттің жасөспірімдер құрамасы бақ сынайтын бұл жарыс өңірдегі ең ауқымды халықаралық спорттық оқиғалардың біріне айналмақ.

Ботакөз Әнуар