«Қазақстанға бидай контрабандасынан келген шығын 600 миллион теңгеден асты», деп хабарлады сенатор Андрей Лукин. Соңғы 5 жылда еліміздің солтүстігіне жарты миллион тоннаға жуық бидай жалған құжатпен, салық төлемей әкелініп, ол қазақстандық бидай ретінде сатылған. Экспорттаушылар қауымдастығының мәліметінше, жыл сайын елге 2 миллион тоннаға дейін бидай келеді.
Заңсыз жолмен жеткізілген астықтың Қазақстанға келіп жатқанына бірнеше жыл болды. Контрабанда қазірдің өзінде жолға қойылды. Бірнеше жылдан бері бұл мәселе әртүрлі деңгейде талқыланып жатыр. Алайда билік күні бүгінге дейін жүйелі шешімін таба алмай отыр. Әзірге шекарадағы уақытша тежеулер біршама ықпал етіп жатыр.
Биыл көктемде елге автокөлікпен бидай әкелуге уақытша тыйым салынды. Ал сенатор Андрей Лукин бақылаусыз жеткізілетін астық көлемі өседі деп қауіптенеді.
«Бұл аталған өнімнің Қазақстаннан үшінші елдерге экспортының қалыпты 700 мыңнан 1,5 миллион тоннаға дейін өсуіне әкелді. Ал Ресейге салынған санкцияларды ескере отырып, Қазақстаннан көрші елдерге жалған импорттау мен қайта экспорттау айтарлықтай өседі. Бұл жалған астық өндірушілерге қосылған құн салығын негізсіз қайтаруға әкеп соғуы мүмкін», — деді Лукин.
3 жыл ішінде Қазақстанға 3 миллион тоннадан астам бидай импортталды. Парламентарийдің айтуынша, бұл ретте жалған импорттаушылар жалған құжат арқылы еліміздің солтүстігіне жарты миллион тоннаға жуық астық әкелген.