Шымкент қаласында тозығы жеткен газ құбырлары жаңаруда. Бұл жұмыстар инвестициялық бағдарлама аясында жүзеге асырылып жатыр. Ал жұмыстың сапасын табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті және қоғамдық ұйымдар бақылап отыр.
Үшінші мегаполисте Теріскей шағынауданындағы көпқабатты үйлерді табиғи газ жүйесіне қайта қосу мақсатында газ құбырлары жаңалануда. 2021-2025 жылдарға бекітілген инвестициялық бағдарламаға сәйкес, өткен жылға 2,3 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаражатқа газ шаруашылығы 76 шақарым газ құбырын алмастырады. Сала мамандарының мәліметі бойынша қазіргі таңда Шымкент қаласында 30 шақырым газ құбыры жаңаланған. Жұмыстың қаншалықты сапалы атқарылғанын қоғам белсенділері қадағалап отыр.
Қоғамдық мониторинг қосымша тексеру болып есептеледі дейді құзырлы органның мамандары. Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті газ шаруашылығы мекемесінің инвестициялық бағдарламада алған міндеттерінің орындалуы бойынша хаттама түзеді.
Инвестициялық бағдарламада жоспарланған іс-шаралар жүзеге асса, жаңаланған газ құбырларының өндірістік қуаты артады, технологиялық ысыраптарды азайтады және газ құбырларының пайдалану мерзімдері ұлғаяды дейді сала мамандары.