Кафе, дәмхана секілді қоғамдық тамақтану орындарында тапсырыс берген тағам көңіліңізден шықпаса не істеу керек? Тұтынушы қайда, кімге шағымдана алады?
Көптің көкейінде жүрген бұл сауалға редакция заңгері Венера Нұрғалиқызы жауап берді.
«Менің тәжірибемде бірнеше адам келіп, мейрамханалар мен дәмханаларда, демалыс аймақтарында, жалпы қоғамдық тамақтану орындарында тапсырыс берген тағамдарына арыз-шағымдарын түсіріп жатады. Кейбіреулерінің тамақтарынан шаш табылса, ал кейбіреулері тамақтары бұзылып (ашып) кеткен деп айтқан жайлары бар. Әрине, бұл жағдайлар жағымсыз. Тұтынушының тамаққа деген тәбетін қашырары сөзсіз»,-дейді заңгер.
Ендеше, мұндай келеңсіз жағдайлар орын алып жатса, қайда шағымдануға болады?
«Егер тамақтану орындарында осындай келеңсіз жағдайлар орын алып, тағамның түрі, дәмі ұнамай жатса, төлеген ақшаңызды қайтарып алуға құқыңыз бар екенін айтқым келеді. Бұл жағдайда сіз Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы заңының 15-бабына сәйкес, Тұтынушылардың құқығын қорғау департаментіне шағым түсіре аласыз» деп сөзін түйді заңгер.
Еске салсақ, біз бұған дейін кафе мен мейрамханалардың тұтынушыдан депозиттік төлемді талап етуінің заңдылығы туралы жазған болатынбыз.