Кафе мен мейрамханалардың депозиттік төлемді талап етуі заңды ма?

1222

Кафе немесе мейрамханалар, түнгі клубтар және тағы осы сияқты қоғамдық тамақтану мен көңіл көтеру орындары тұтынушыдан алдын ала депозиттік төлемді талап етіп жататыны белгілі. Алайда бұл қаншалықты заңды?

Редакция заңгері Венера Нұрғалиқызының айтуынша, алдын ала депозит төлемін талап ету – заңға қайшы.

«Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының 28-бабында «Сатушы сатып алушыны қажетсіз мөлшерде және ассортименттегі тауарды сатып алуға мәжбүрлей алмайды» деп көрсетілген. Мейрамханаларда және демалыс аймақтарында депозиттік төлем әдісін қолдану заңға сәйкес келмейтінін атап өту керек.   Сонымен қатар, демалыс орындары және мейрамханалардың алдын ала депозит төлеуге келіспейтін тұтынушыға қызмет көрсетуден бас тартуы да заңсыз болып табылады»,-деді заңгер.

Егер Сіздің құқығыңыз бұзылған жағдайда не істеу керек?

Біріншіден: Бас тарту фактісін анықтап, заң бойынша фото, видео фиксация жасау қажет.

Екіншіден: Құқығыңызды бұзған мекемеге сотқа дейінгі талап арыз жолдап, моральдық шығынды өтеуді сұрау керек. Ол тараптан бас тартылған жағдайда, тұтынушылардың құқығын қорғайтын мекемеге арыз жазыңыз.

Бір ескере кететін жайт, дауды шешу үшін уәкілетті органдар мен медиаторларға хабарласып, содан кейін ғана сотқа жүгіну қажет.