Шымкенттегі «3-Энергоорталық» АҚ жаңа тарифтер жобасын ұсынды. Мекеме басшылығы тариф құнын алдағы төрт жылда сатылап көтеруді сұрап отыр. Дегенмен тарифтік реттеу мәселелері бойынша Өңірлік комиссия бағаны бекітуде тұтынушылардың мүддесі ең басты орында болуы тиіс,- дейді.
Алдағы төрт жылға арналған болжамды тарифті ұсынған «3-Энергоорталық» АҚ өкілі оған негіз болған себептерді атап өтті. Біріншіден негізгі отын- табиғи газдың тауарлық құнының өсуі және кадрлардың тұрақтауын қамтамасыз ету мақсатында қызметкерлердің айлығын көтеру қажет. Сондықтан мекеме 2026 жылға дейін тарифті 35,73 пайызға көтеруді сұрануда.
Төлебай Қараменов, «Ардагер-Оңтүстік» Тұтынушылар құқығын қорғау қоғамы» бірлестігінің басшысы: «Мына жақын жердегі Жамбылда төмен тариф оларда газбен жұмыс істейді. Сондықтан тарифті бекітер алдын барлығын саралап, жобадағы әрбір санды, берілген деректерді жан-жақты тексеріп шыққанымыз абзал».
Отырысқа қатысушылар бірауыздан 105 мың теңге мөлшерінде жалақы алатын қызметкерлердің жалақысын көтерумен келіссе, әкімшілік персоналдың шығынын 100 пайызға көтеру тарифтер жобасы арқылы емес АҚ-ның өз табыс көзінен жүзеге асуы тиіс деп есептейді.
Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті ұсынылған болжамды тарифті қарастыруда біз бірінші кезекте тұтынушылардың мүддесі мен шаһардың мүмкіндіктерін де ескереміз дейді.
Дархан Қаинбердиев, ҚР ҰЭМ табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысы: «3-Энергорталық АҚ басшылығы биылғы тарифті 13.63 көтеруді сұрап отыр. Біз барлық жағын қарастырып, біздің есебіміз бойынша 6-7 пайыз. Алдағы жылу маусымы да қазанда басталмайды ма? Сосын біз «Қуатжылуорталығы-3″ МКК соттасып жатырмыз тарифті түсіру бойынша. Екі сотта жеңіске жеттік. Енді Жоғарғы соттың шешімін күтіп отырмыз. Егер, департамент ұтса, онда біз ұсынған тарифті 40 теңгеге төмендету шешімі бойынша тариф мүлдем қымбаттамайды».
Заң бойынша тариф жобасы табиғи монополиялар салаларында тарифтік реттеу мәселелері бойынша Өңірлік комиссиясында қаралады. Сосын қоғамдық тыңдауда талқыланады.