Шымкентте бірегей Open API жобасы қолға алынды

45

Шымкентте тұңғыш рет Open API жобасы қолға алынды. Жаңа бағдарлама қала тұрғындарына кез келген жерде қызмет ақысын электронды түрде төлеуге мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде 150 мектеп асханасында балалар Төлем карталары арқылы есеп айырыса алады.

Шымкентте алғаш рет Open API жобасы қолға алынды. Бұл бағдарлама төлем карталары арқылы кез келген жерде қызмет ақысын төлеуге мүмкіндік ашады. Атап айтқанда үшінші мегаполистегі демалыс орындарында аттракциондарға, Зообаққа кіруге енді бір ғана карта арқылы есеп айырысуға болады.

Сержан Ақылбаев, «Digital road» IT кәсіпкерлер қауымдастығының төрағасы: «ІТ нарығында жұмыс істеп жүрген компанияларды бірлесуге шақырып жатырмыз. Ол не деген сөз. Біз өзіміздегі ақпаратты ашып, бөлісуге дайынбыз. Ол дегеніміз техқызмет көрсететін компаниялар келетін болса, дендробақ, зоопарк, «Қиял Әлемі» сияқты төлеп кіретін жерлерге ақшамен емес, электронды төлеп кіруге мүмкіндік береді»

Бұл жоба жемқорлықтың алдын алу үшін жасалып отыр. Мамандардың айтуынша қағаз ақшамен қызметті төлеген кезде қаражатты қалтасына басатындар жетерлік. Ал оның бәрін бір жүйеге келтірсе, Төлем туралы ақпарат базада айқын көрініп тұрады.

Мұхит Кемелов, Шымкент қаласының цифрландыру басқармасының басшысы: «Бүгінгі таңда бұл ашық АРІ жобасы тек 1 ғана компанияның қызметінің тиімділігін арттырып қана қоймай, сонымен қатар қаламызда, егер одан әрі дамыса тек қана қаламызда ғана емес, еліміздегі бірыңғай эко жүйесін құруға көмектеседі. Цифрлы экономиканың дамуына ықпал етеді»

Жоба аясында мегаполистік 150 мектептің оқушылары асханада төлем карталары арқылы есеп айырысу мүмкіндіндігіне ие болды. Қазір тұрғындардың 62 пайызы осы жүйеге көшкен. Алда тағы да бірнеше қызметті қосып, Төлем жүйесінің аясын кеңейту көзделіп отыр.