«Таңшолпан» жазғы сауықтыру лагерінің жұмысы жанданып келеді

24

Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты Қарсыбай Сыпатаев атындағы №7 ІТ мектеп-лицейінде жазғы мезгілде оқушылардың демалысы мен денсаулықтарын жақсартуды ұйымдастыру мақсатында мектеп жанындағы «Таңшолпан» жазғы сауықтыру алаңының жұмысы жанданып келеді.

Мектеп жанынан құрылған алаңға жүзге жуық бала қамтылып, сағат 09.00-13.00 аралығындағы уақыттарын тиімді пайдалануда. Балалардың жазғы сауықтыру алаңындағы жұмысты жүйелі жүзеге асыру үшін арнайы жұмыс жоспары құрылып, бекітілген.

Мектеп жанынан құрылған алаңның «Қош келдің, көңілді жаз!» тақырыбында салтанатты ашылуы, «Келіңдер , танысайық!» тақырыбында психологиялық тренингі өтті. Оқушылардың күн тәртібі, санитарлық-гигиеналық талаптар, мектепте және көшеде тәртіп сақтау ережелері, қауіпсіздік ережелері туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді. «Қауіпсіз жаз!» тақырыбындағы жолда жүру ережелері және суда жүзу қауіпсіздік ережелері оқушыларға кең көлемде таныстырылды. Оқушылар қаладағы «Оңтүстік цирк» мекемесіне барып, қызықты қойылымдарды тамашалап қайтты.
«Көңілді жаз!» асфальтте сурет салу, «Қазақстан-алтын бесігім» ескі қалаға саяхат жасау, «Мұражай-тарих айнасы» қалалық мұражайға саяхат жасау, Ашық аспан астындағы түрлі ойындар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.

Жуырда ғана Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жаз мезгілінде балаларға арналған олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша 100 мыңнан аса оқу-жаттығу шаралары ұйымдастырылатындығы туралы мәлімдеген болатын. Ол үшін мемлекеттік органдар өкілдері мен мониторингтік топтар келесі іс-шараларды жүргізді:

демалыс объектілерінің дайындығы тексерілді, санитарлық қадағалау күшейтілді, демалыс орындарындағы өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша алдын алу шаралары жүргізілді, жазғы демалысты ұйымдастыру кезінде бірыңғай, қауіпсіз тәсілдерді қамтамасыз ету үшін мемлекеттік органдар және қоғамдық ұйымдармен арнайы семинар-кеңес ұйымдастырылды, Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп балалардың өрт пен судағы қауіпсіздігін қамтамасыз етудің бірыңғай тәсілдері әзірленді.

Бүгінде дәл осы тарапта Шымкент қаласында жазғы демалыс орындары мен мектеп жанындағы жазғы лагерлерде балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда.