18 жасар қызды өлтірді деген күдікті туралы көршісі айтып берді

2204

Шымкентте тағы бір қыз зорлық- зомбылықтың құрбаны болды. Осыдан үш күн бұрын із-түссіз жоғалып кеткен 2004 жылғы студенттің өлі денесі 8 тамыз түнде үйдің жертөлесінен табылды. Полиция мүрденің төсек жаймасына оралғанын, мәйітте зорлық белгілері бар екенін анықтаған. Оқиғаға байланысты қыздың туған жездесі күдікке ілініп отыр. Ал күдіктінің көршісі оның адам өлтіруі мүмкін емес екенін айтады.

Гүлдана Сейдрасул, тілші: “Шымкентте жоғалып кеткен 2004 жылғы студенттің мәйіті осы үйден табылды. Темір жол бойында орналасқан бұл үй мөрленіп жабылған. Қазір оқиға орнында тек медициналық бетперде мен қолғаптар ғана жатыр. Полиция мәліметіне сүйенсек, қыздың өлі денесі үйдің жертөлесінен табылған. Ал бойжеткенді өлтірді деген күдікке туған жездесі ілініп отыр.”

Дегенмен, күдіктінің көршісі ол туралы жақсы пікірде. Сөзінше, ол адам түгілі жануарды да ренжітпейтін момын адам көрінеді. Ал оның марқұм балдызы да өте қарапайым болғанын, 1 жылға жуық уақыт ішінде қыздың айналасындағылар оғаш қылықтарын мүлдем байқамағанын айтады. Сондай-ақ, көрші үйден ешқандай айқай-шу да естіген емеспін дейді ол. Тек осы оқиғадан кейін полицияның көрші ер адамды алып кетіп бара жатқанын ғана көріпті.

«Бұл жігіт менің көз алдымда өсті. Ол өте мейірімді, ешкімді ренжітпейді. Күндіз түні жұмыста болады. Мен оның адам өлтірді, оның үстіне туысын өлтірді дегенге мүлдем сенбеймін. Үйіне туыстары жиі келетін. Бұл қыздың да ешқандай оғаш қылығын байқаған емеспін, ол туралы да ештеңе айта алмаймын»,- дейді көршісі Наталья Япаева.

Ал 8 тамызда түнгі сағат 01:30 шамасында Әл-Фараби аудандық полиция басқармасына туыстары үйдің жертөлесінен жоғалған қыздың өлі денесін тапқаны туралы хабарлапты. Оқиға орнына жеткен полицейлер жертөледен төсек жаймасына оралған, денесінде зорлық белгілері бар мәйітті анықтаған.

Батырбек Мырзагельдиев, Тергеу басқармасы бастығының м.а: “Аталған жайт бойынша ПД барлық жеке құрамдары іздеу жұмыстарын жұмылдырылды. Үздіксіз іздеу жұмысының нәтижесінде 18 жасар азаматша ауыр қылмыстың құрбаны болғаны анықталды. Аталған жайт ҚР ҚК 99-бабы “Кісі өлтіру” бойынша тіркеліп, қазіргі кезде барлық сараптамалар тағайындалды.”

Қазір бұл оқиғаға байланысты тергеу жүргізіліп, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Ал күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.