6506 әскери бөлімінде 400-ге жуық сарбаз ант қабылдады

Шымкенттегі 6506 әскери бөліміндегі жас сарбаздар ант қабылдады. Жиында Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 400-ге жуық жауынгер Отан алдындағы борышын өтеп, елге адал қызмет етуге ант берді. Салтанатты шара соңында сарбаздардың жақындарына арнайы жиын өткізіліп, әскери бөлімнің атқаратын қызметі таныстырылды.

Қарлыға Смағұлова Шымкентке арнайы Қызылорда облысы Бесарық ауылынан келген. Сапарының мақсаты – сүйікті немересінің Әскери ант қабылдау рәсіміне қатысу. «Кішкентай құлыным деп еркелеткен ұлым ер жетіпті» деп көзіне жас алған әже немересінің ант беріп жатқан дауысын бірден танығанын айтады. Жас жігіттердің Отан алдындағы борышын өтеуі қажет деп есептейтін ол, Қазақстан әскеріне сенетінін айтады.

Қарлыға Смағұлқызы, Қызылорда облысының тұрғыны: “Шығарып сала алмап ем, денсаулығым жоқ болған соң. Артынан іздеп, ант қабылдау рәсіміне барып келейін дедім. Сарбаз боп келгеніне қуаныштымын, соны іздеп келуге жарағаныма да қуаныштымын. Баланың өзіне сену керек. Құдай сақтасын көлденеңінен, өзінің тәртіптілігіне, жүріс тұрысына қарау керек”.

Қарлыға әженің немересі Жасұлан Серікбаев әскери ант берді. Бүгінде 3 рота 1 взводта құрамындағы қатардағы жауынгер 1 айдың ішінде тәртіпке, төзімділікке үйреніп, отбасының қадірін түсіндім дейді. Жанұяда ұлдардың үлкені болған Жасұлан Отан алдындағы борышын өтеуге өзі сұраныпты. «Бұл – әр ер азаматтың парызы» дейді ол.

Жасұлан Серікбаев, жас сарбаз: “Жауапкершілігі мол. Өйткені ол еркектің басына бір рет келетін жайт. Өз еркіммен келдім Отан алдындағы парызымды өтеуге. Әке-шешемнің абыройын көтеріп, еліме аман-есен қайту міндетім”.

Шымкенттегі 6506 әскери бөліміндегі жас сарбаздар ант қабылдады. Жас жауынгерлер Отан алдындағы жауапкершілігін сезініп, елге адал қызмет етуге уәде берді.

Зейін Исмаилов, жас сарбаз: “Отан алдында қызмет ету жалпы әр ер азаматтың міндеттерінің бірі деп білемін. Мен әскерге өз еркіммен келдім. Әскерде көптеген достар таптым. Отансүйгіштікке баулыды. Барша аға басшыларға, офицерлерге, сержант мырзаларға шын жүректен алғысымды айтамын”.

ҚР Ұлттық Ұланы 6506 әскери бөліміне Отан алдындағы борышын өтеуге Қызылорда, Жетісу, Алматы, Ұлытау, Жамбыл облысы секілді Қазақстанның түкпір-түкпірінен 400-ге жуық жас сарбаз қабылданған. Жауынгерлерді ант беру рәсімімен құттықтауға ата-аналары мен жақындары арнайы келген.

Ернар Аширбеков, 6506 әскери бөлімі командирінің тәрбие жөніндегі орынбасары: “400-ге жуық ҚР түкпір-түкпірінен, облыстарынан келген жас жігіттер бүгін сарбаз ретінде Қазақстан атына, Қазақстан халқына, Қазақстанның заңды сайланған Президентіне ант беру рәсімін өткізді.Ата-аналар келіп жатыр, қуанышты сәт болып отыр. Бүгін әскери бөлімде ант қабылдап болған соң, ата-аналармен кездесу өткіземіз. Ол кездесуде біз әскери бөлімнің атқаратын қызметтерін, қойылған тапсырмаларды және балаларының қандай әскери құызмет атқаратынын жеткізетін боламыз”.

Салтанатты рәсімнен кейін жас сарбаздардың ата-аналары мен жақындарына арналған жиын өткізілді. Кездесуде оларға әскери бөлімнің қызметі, сарбаздарға қойылатын талап пен оларға жасалған жағдай жөнінде баяндалып, таныстырылды.