Қыздар арасындағы волейболдан лига басталды

38

Шымкентте базар жастары арасында лиганың екінші кезеңі басталды. Мұнда базарлар мен сауда орындарында жұмыс істейтін қыздар волейболдан жарысып, өзара мықтыны анықтайды. Бұған дейін ерлер арасында футболдан лига өтіп, жеңімпаздар марапатталған болатын.

Салтанат Батырбекова сатушыдан алаңдағы волейболшыға айналды. Жастайынан спорттың осы түріне қызыққан ол қазір 2 баланың анасы. Ұйымдастырушылар тарапынан сайыс туралы естіген соң, бірден қатысуға ниет білдіріпті.

Салтанат Батырбекова, жарысқа қатысушы: «Баяғыда кішігірім волейболмен айналысатын едім. Салауаттты өмір салтын сақтап, жарыс ұйымдастырылғаннан кейін  қатысып отырмын. Жұмыстың атынан «Сулпак» техника сататын сауда орнының атынан келіп тұрмын.  Ойын өте тартысты, керемет өтіп жатыр. Екі ойынды көрдік. Қазір үшінші ойынды біз ойнаймыз. Алла қаласа. Мені қолдауға жұбайым және екі  ұлым келіп отыр».

Спорттық додаға 200-ге жуық адам қатысуға өтініш берген. Қатысушылардан 16 команда іріктеліп, жарыста өзара мықтыны анықтайды. Бұл шараның негізгі мақсаты — базар жастары арасында бұқаралық спортты дамыту болмақ.

Заманбек Орынбеков,  Шымкент қаласы Жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары: «Бұл базар жастар лигасы өткен аптада бастау алған болатын. Бірінші кезеңде ұлдар арасында футболдан жарыс кезеңі өтсе, екінші кезеңде волейболдан жарыс бүгін бастауын алып жатыр. Қазіргі уақытта қала базарларында 2020 жылдан бастап өздерінің жастар ұйымдары жұмыс жасайды. Біздің жастар ресурстық орталығымен тығыз байланыста».

Жарыс апта соңына дейін жалғасады. Үздіктерге велосипед, смартфон және планшет сынды заттар сыйға беріледі. Айта кетейік, «Базар жастар» лигасы биыл Шымкентте алғаш рет өткізіліп жатыр.