Түркістанда адасып қалған бүлдіршіннің көңілін көтерген полицей көпті сүйсіндірді

1819

Түркістанда көше бойында анасынан адасып қалған бүлдіршінге қамқорлық көрсеткен полицейге жұрт риза болды. Тәртіп сақшысы кішкентай қыздың адасып қалғанын кездейсоқ байқап қалыпты.

Әлеуметтік желіде погонды қызметкердің бүлдіршінді жетектеп бара жатқан сәтінің видеосы тарады.

«Жарайсың! Анасынан жоғалған қызға балмұздақ әперіп, көңілін көтерді» деп жазды автор.

Видеоны көрген желі қолданушылары полиция қызметкерінің мейірімділік танытып, дер кезінде шұғыл әрекет еткенін риза болды.

Желіде қызу талқыға түскен видеодағы тәртіп сақшысы Түркістан қаласының патрульдік полиция қызметкері Нұрсұлтан Әбдіқадыр екен.

Тәртіп сақшысы бағдаршам тұсында кішкентай қыздың жалғыз өзі тұрғанын байқаған. Одан ата-анасын сұрағанымен, былдырлап тілі анық шықпаған қыздан нақты жауап ала алмапты. Оның адасып қалғанын түсінген полицей бірден басқа қызметтестеріне хабарлап, ата-анасын іздеуді бастайды. Осы аралықта қыздың көңіл-күйі түскенін байқаған тәртіп сақшысы бүлдіршінге балмұздақ алып беріп, тез арада ата-анасын тауып беруге уәде берген екен.

Түркістан облыстық Полиция департаментіндегілер тәртіп сақшылары арада көп уақыт өтпей қыздың анасын тауып, перзентін аман-есен тапсырғанын мәлімдеді.