1992 жылдың көктемінде біздің Оңтүстік Қазақстан облысына Д.А. Қонаев келді. Мен ол кезде облыс әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары едім. Облыс басшысы Марс Фазылұлы Үркімбаев болатын.
Облыс әкімі деген лауазым 1994 жылы бекітілді. Біздерді 16 облыстың басшыларын Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев жинап, кеудемізге «Облыс әкімі» деген төсбелгі тақты.
Д.А.Қонаев сапарының түпкі мақсаты Ташкент қаласында бұрынғы Өзбекстан Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Ш.Рашидовтың жұбайымен кездесуді жоспарлаған еді. Д.А. Қонаевті алып жүру маған тапсырылды. Мен облыс шекарасына Түлкібас ауданы жағынан «Чайка» автомашинасымен келдім. Жамбылдық делегация мәртебелі қонақты сағат 5-те тапсырды. Қазақстанның дамып, көркеюіне көп үлес қосқан мейірімді де ақылды адаммен ешкімнің де қоштасқысы келмейді.
Д.А. Қонаевты Жамбыл және Шымкент облыстары шекарасында қарсы алу.
Мәртебелі қонақты алып Шымкент қаласына келдік. Келесі күні Өзбекстан астанасы Ташкентке жүріп кеттік. Екі ел шекарасында бізді бұрынғы Өзбекстан орталық комитетінің хатшысы Нуритдин Акрамұлы Мұхитдинов қарсы алды. Бірін бірі жақсы білетін олар кездесуде сағыныштан мауқын басты.
Ташкентке барар жолда жанынан өткен әрбір шаруашылық басшыларының фамилияларын атап отырды. Өзінің жасына қарамай еске ұстау қабілеті мықты екенін көрсетті. Жолда ол маған Қазақстан бастан кешкен әртүрлі оқиғаларды айтып отырды. 1962 жылы Н.С. Хрущевтің бұйрығымен Қазақстанның үш ауданы Өзбекстанға өтті. Ол кезде Қазақстан Орталық Комитетінің бірінші хатшысы, ұлты ұйғыр Исмаил Абдурасулұлы Юсупов болатын. Д.А. Қонаев Мәскеу басшылығымен келіспегені үшін орнынан түсіп қалған еді. Д.А. Қонаев Ж. Тәшеновпен бірге Қазақстанның тың көтерілген бес өңірін сақтап қалды, сол үшін жоғары дәрежелі қызметтерінен айырылды. 1964 жылы Д.А. Қонаев Қазақстан Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы болып қайта келгенде, Орталық Комитеттің Бас хатшысы Л.И.Брежневке мақта өсіретін үш ауданды қайтадан Шымкент облысы құрамына қайтаруды сұрады. ( Ильчевский, Мақтарал және Киров аудандары) Бұл мәселе бойынша Л.И. Брежнев Д.А. Қонаевты қолдады. Бас хатшы Д. Қонаев пен Ш. Рашидовты шақырып алып, үш ауданды Қазақстанға Шымкент облысының құрамына қайтаруды тапсырды. Ш. Рашидов келісім бергенімен алты ай бойы Л.И. Брежневтің тапсырмасын орындамады. Д.А. Қонаев аудандарды қайтару мәселесін қайта-қайта қозғап отырды. Ал өзбектер болса қулыққа көшті. Олар КСРО -ның Госпланы (сол кезде оның басшысы көп жерге құдіреті жүріп тұрған Н.К. Байбаков еді) арқылы үш ауданның жерлеріне ондаған совхоз құрылысын Өзбекстан бюджеті арқылы бастап жіберіп, Брежневті совхоздарды Өзбекстанға қалдыруға көндірген. 1971 жылы үш аудан қайтарылғанымен совхоздар Өзбекстанда қалып қойды.
Рашидовтың отбасы партиялық-кеңестік уақытта Орталық Комитетке қарасты коттеджде тұрған. Рашидов қайтыс болғаннан кейін оның отбасына бес қабатты «хрущевкадан» үшінші қабатынан үш бөлмелі кішкене пәтер берді.
Ш. Рашидовтың жұбайы Д.А. Қонаевты үлкен құрметпен қарсы алды. Өзінің өткен өмірін айтып көзіне жас алды, түрмеде отырғанда жанары солғанын айтты. Біз тар залда бес адам отырдық. Бізді Ш,Рашидовтың қызы химия ғылымының докторы, профессор, Сайора Шарапқызы дастархан жайып күтті. Димекең отбасының басқа да мәселелерін сұрап отырды. Кешкісін бізді «Шелковичная» резиденциясына орналастырды. Ал ертеңгісін Өзбекстан Президенті Ислам Әбдуғаниұлы Каримовпен «Ақ сарай» резиденциясында кездесу жоспарланған болатын. Димаш Ахметұлы кешкі астан соң көптеген құжаттарды ақтарып жұмысқа кірісті. Мен, “Бұл қандай құжаттар?” – деп сұрадым. Ол Өзбекстанның тәуелсіздік алған жылдардағы мемлекеттік статистиканы қарап отыр екен. Мен “Сіз СОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі болдыңыз. Мына цифрлар есіңізде шығар?” – деп сұрадым, ол бір сәт үндемей қалды да “Зауытбек, мен Тәуелсіз елдің Президентімен әңгімелесем ғой, сол үшін тың мәліметтерді білуім керек” – деді. Әсіресе жас толқынның есіне сақтар, қандай жауапкершілік десеңізші. Түннің бір уағында құжаттарды қарап отыр. Оның жеке дәрігері Асхат ертеңгі кездесулерге дейін жатып тынығып алуын сұрады.
Ертеңгісін, Өзбекстан Президентінің резиденциясына келдік. Ол 30 минутқа жоспарланған кездесуге жалғыз кіріп, 1 сағат 15 минут бойы әңгімелесті. Мен кездесудің ұзаққа созылғанын айтып едім, балаша қуанғанын жасырмады. Өзбекстан Президентімен болған кездесуде сол жылдың күзінде 7 қарашада Ш. Рашидовтың туған жері Жизақ қаласында 75 жылдығын атап өтуге арналған салтанатты шаралар ұйымдыстыруға келісіпті. Димаш Ахметұлы осы салтанатты шараларға қатысуға Ислам Абдуғаниұлына уәде берді.
Күзде, 6 қараша күні біз Шараф Рашидовтың туғанына 75 жылдығын атап өтуге арналған салтанатты шараларға қатысуға Жизақ қаласына келдік. Салтанатты шараны Өзбекстан Президенті Ислам Каримов ашты. Залда ине шаншар орын жоқ. Жиынды ашқан И. Каримов “Бұл залда Ш. Рашидовтың туыстары, үзеңгілес достары және оны сатып кеткен адамдар да отыр” – деді. Зал бір сәт үнсіз қалды. И. Каримов сөз кезегін Д.А. Қонаевқа беріп, мінберге шықты. Зал ду қол соғумен қарсы алды. Димекеңді 5 минут сөйлетпей-ақ ерекше құрметпен ду қол соғудан зал іші құлақ тұнғандай болды. Ол екі қолын көтеріп халыққа құрмет көрсетті. Осы кезде И. Каримов те орнынан тұрды, қол соғып құрмет көрсету үдей түсті. Каримов орнына қайта отырып, Димаш Ахметұлы қағазсыз сөзін жалғастырып, Ш. Рашидовтың Советтік Өзбекстанның гүлденуіне қосқан үлесін статистикалық цифрлармен келтіріп айтып берді. Ол өз сөзін аяқтаған сәтте И.Каримов те орнынан тұрып қол соқты. Зал Д. Қонаев өз орнына отырғанша ұзаққа созылған ду қол соғу бір тынбады. Ия, есімі құрметпен аталатын адамға Өзбекстан осылай қошемет көрсетті. Біз машинаға отырған кезде мен Димаш Ахметұлынан “өмірде қанша рет осындай қошемет көрдіңіз?” – деп сұрадым. Сол кезде ол менің құлағыма сыбырмен “Зауытбек, бұл басқаша қошемет” – деді. Қайтар жолда біз Өзбекстанның Мырзашөл ауданындағы негізінен қазақтар тұратын Гагарин қаласына бардық. Бұл жерде оны халықтың сүйікті ұлы ретінде жұртшылық қолдарына көтеріп әкетті.
Әсерлі кездесулерден кейін елге қайттық. Жолда Қазығұрт ауданындағы Ленинск ауылында аялдадық. Жоспар бойынша осындағы Д.А. Қонаев атындағы мектептің ашылу салтанатына қатыстық. Іс-шара аяқталғаннан кейін жергілікті кәсіпкер үйіне қонаққа шақырды, жеке дәрігері маған “бұл жоспарланбаған, Димекең шаршады, демалу керек, Сізді тыңдайды” – деп, маған қолқа салды. Димаш Ахметұлы қарапайым халық арнайы дастархан жайып отыр деп, көнбеді. Келісуден басқа лаж болмады.
Қарапайым халықтың дастарханында. Д.А.Қонаев ешқашан халық тілегін қайтарған емес. Ол халықтың ұмтылыстарын, мақсаттарын қолдап отырды.
Мен Асанбай Асқаровтың сөзін есіме алдым.
Түлкібас ауданының бірінші хатшысы қызметін атқарған кезде, облыстық бюро мүшелерін ауданның көрікті жерлерін аралауға шақырдым. Ауданда көрікті жерлер жетерлік. Біз оларды «Пістелі-золотари» сайына апардық. Тамақ жеп болған соң барлығы тауға шықты. Біз Асанбай Асқарұлымен әңгімелесіп отырғанбыз. Осы кезде жаныма дастарханды ұйымдастырушы Орман Қорғанұлы Ерметов келіп, дастарханға палау қоюды ұмытып кеткендерін айтты. Мен оларға дүрсе қоя бердім. Асанбай Асқарұлы бірдеме болғанын сезді ме “Не болды?” – деп сұрады. Мен дастарханға палау берілмегенін айттым.
— Бізге арналған дәм бе?,- деді ол
— Ия, — дедім мен, Сол кезде ол палау ұмытылғанын айтып бәрін дастархан басына қайта шақырды. Д.А. Қонаевпен осындай жағдай болғанын айтты. Д. Қонаев сол кезде Асанбай Асқарұлына “Саған арналған дәм болса аттап өтпе дәм татуға уақыт тап, дастарханнан үлкен емессің, жолың болмайды, ол адамдардың еңбегі, саған көрсеткен құрметі мен ықыласы” – депті. Бұл Д.А. Қонаевтің өмірлік ұстанымы болатын. Осы даналықты, осы тәлімді өмір бойы ұстанамын.
Кешкісін жоспар бойынша «Сарыағаш» шипажайына ат басын тіредік. Ол жерге мен достарым Тито Вахабович Сыздықов пен Александр Иванович Кошевойды шақырдым.
Біз Димаш Ахметұлы Қонаев сияқты қазақтың біртуар азаматымен рахаттана әңгімелестік. Марс Фазылұлы Парламент мәжілісінде болғандықтан бұл кездесуге келе алмады. Менің анаммен, отбасыма аты аңызға айналған адаммен жүздесу бақыты бұйырыпты. Әкем Қауысбек Тұрысбеков Ұлы Отан соғысына қатысқан, көп жылдар бойы облысымыздың шаруашылық және партиялық органдарда басшылық қызметтерде болды, тоғыз жыл Шардара адандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін абыроймен атқарды. Ол ертерек 54 жасында қайтыс болды. Шардараның қатал ыстық климатында күндіз-түні демей еңбек етіп, денсаулығынан айырылды. Ауыз су да сапасыз болды, бауыры шыдамады. Әкем қайтыс болғаннан кейін анам Шымкентте салынып жатқан үйді мерзімінде бермегендіктен Шардарада 9 ай тұрды. Үлкен әпкем Балақыз тұрмысқа шығып, жалдаған пәтерде тұрды. Сол кезде анам, әкемнің досы Главриссовхозстройдың бастығы Эрик Христофорович Гукасовқа телефон шалып, Балақызға Алматының орталығы Республика алаңындағы биік үйден пәтер беруді сұрады. Ол бұл пәтерді беру үшін Д. Қонаевтің қолы керек екенін айтты. Көмекшісі Бекежановтан хат берілді. Ол көмекшісінен “Қауысбектің қанша баласы бар? Шымкеттен, Алматыдан пәтер беріңдер, жетімдік көрмесін” – депті. Осылайша біздің отбасының пәтер мәселесі шешілді. Ол өзінің серіктестері үшін осындай шешімдерге жиі баратын. Осы оқиғаларды мен ол кісінің өзіне айтып беріп, шын жүректен алғыс айттым. Димаш Ахметұлы күлімсіреп “Сенің әкең, Қауысбек нағыз коммунист болды сен жалғыз ұлысың, әкеңнің атына лайық бол және соған ұқсауға тырыс” – деді. Мен өмірімде осыған талпынып келемін.
Келесі күні Димаш Ахметұлын облыс шекарасына шығарып салып, кезекті жамбылдықтарға бердім. Аты аңызға айналған, мұхиттай терең, аспантаудай асқарлы адаммен 5 күн араласып, бірге жүргенім үшін өзімді бақытты адам ретінде сезіндім. Жолда өзім 14 жыл қызмет атқарған Түлкібас ауданының Ванновка ауылына аялдаған едік. Біз демеушілеріміз Шымкент фосфор зауыты мен ДСУ-93 тің көмегімен ауданда көптеген нысандарды шаруашылық есеппен салған едік. Ауылдың орталық көшесін кеңейтіп, екі жағынан кең жаяу жүргіншілер жолын салып, қарағайлар отырғызып көмкере аббаттандырдық. Телемұнара тұрғызып, жүзу бассейні бар спорт-сауықтыру кешенін жасадық. Мектеп оқушыларының сарайын салдық, ірі қара малы мен шошқаларға арналған бордақылау нысандарын тұрғыздық. Біз Димаш Ахметұлын оқушылар сарайына шақырдық. Ол жерде біздер ұйымдастырған барлық балаларға арналған үйірмелерді қызыға тамашалады. Мен біздің отбасымен естелік суретке түсуді өтіндім. Алма екеуіміз жанында ал, Тимурды қолына алды. Өкінішке орай ол фотосурет сақталмады. Қоштасып тұрып ол “Білесің бе, Зауытбек, мен сені ертерек білмегенім өкінішті, мен о дүниеге аттансам Кеңсай зиратында бәрі дайын, плитаны жылжытып қояды да қайтадан жаба салады, сонымен бітті”- деді. Оны маған неге айтқанын әлі күнге дейін түсінбеймін.
Қоштасарда ол маған визиткасын берді. Ол жерде қызметінің орнына -Тау-кен инженері деп қана жазылған. Одан кейін Димаш Ахметұлымен кездесе алған жоқпыз, қандай өкінішті, үлкен өмір мектебі ғой.
Ол республиканың көп нәубатты бастан өткерген халқына берілген адал да кәсіби басшысы болды. Л. Брежнев пен Д. Қонаев өте жақын достар болды. Отбасылармен достық қатынаста болды. Екі тұлғаның жеке байланыс біздің өмірімізде үлкен мағынаға ие. Мемлекет басқарып отырған адамдардың достығы, өзара силастығы көптеген мәселелерді шешеді. Леонид Ильич адамгершілік тұрғыдан алғанда өте мейірімді адам болатын. Ол Дінмұхамед Ахметұл Қонаевты қарапайым ғана Димаш деп атайтын. Адамгершілік қасиеттері үшін Димаш Ахметұлын жақсы көрді, құрметтеді. Осы достық та Қазақстанның өркендеуіне үлкен септігін тигізді. Одан ешкім кем болған жоқ, Қазақстан халқының мерейі үстем болды. Осы жылдар ішінде қаншама өндірістік алыптар, зауыт-фабрикалар, өнеркәсіптер мен әлеуметтік нысандар салынды. Алматы Одақта көрікті қалалардың біріне айналды. Медеу, Шымбұлақ. Әлемдегі бірде-бір қалада орталықтан жақын жерде шаңғы жолдары жоқ. Алматы орталығындағы тәуелсіздік алаңындағы тұрғызылған ғимараттар қайталанбас архитектурасы үшін ССРО-ның Мемлекеттік сыйлығын алды. Көктөбедегі телемұнара, «Арасан» моншасын салғаны үшін СОКП Орталық Комитетінің Саяси Бюросында сөгіс алған. Алматы жоғарғы партия мектебінде оқып жүргенде «Қазақстан» қонақ үйінде рахаттана дем алатынбыз. Осы ғимараттарды Д.А.Қонаев өзімен бірге о дүниеге алып кеткен жоқ қой. Барлығы да ұрпақтарына қалды.
Біздің жастарымыздың бір бөлігі еліміздің экономикасының түп-тамыры қайдан шығатының білмейді. Мұнда жастарға түсіндірмеген ересек буынның да кінәсі бар. Кеңес Одағы кезінде Қазақстанда машиналар мен құрал-жабдықтар, химикаттар, текстиль сияқты өндіріс ошақтары көптеп саналды. Олардың көпшілігі тәуелсіз Қазақстанның жаңа буын өкілдеріне қалды. 1955-1985 жылдар аралығында Д.А.Қонаевтың тікелей қамқорлығымен Кеңестік Қазастан дәуірінде 43 қала салынды оның ішінде өндіріс орталықтары Рудный, Екібастұз, Ақтау, Арқалық, Степногорск, Кентау, Теміртау, Лисаковск сияқты жас қалалар бой көтерді. Кентау қаласы «коммунистік еңбектің үздік қаласы» атанды. Онда қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы И.Тілеубергеновтің басшылығымен шахтада әлем рекордтары жасалды. Көпшілік осы қалаларды мадақтады, сол қаланың тұрғыны болғысы келді. 1965 жылы Қазақстан 10,6 пайыз жоғары кернеулік аппаратураларды, 6,5 прокаттық, 10 пайыз байыту құрал-жабдықтарын шығарып еліміздің өндіріс орындарына жіберді. 1955 – 1986 жылдар аралығында Қазақстанда 400 — ден астам кәсіпорын ашылып, Алматы, Өскемен, Қарағанды, Орал, Петропавловск және Павлодар қалаларында машина жасау зауыттары жұмыс істеді. Алматы ауыр машина жасау зауыты өнімдерін әлемнің елу еліне соның ішінде Батыс еуропа, Жапония сияқты елдерге жөнелтілді. Петропавл ауыр машина жасау зауыты (ПЗТМ) жоғары технологиялық мобильдік комплекстерді, орта қашықтықтағы баллистикалық ракеталардың (SS-20, SS-21, SS-23) қосалқы бөлшектерін шығарды.
Өнеркәсіптің жетекші салалары:
Кен байыту
Көмір
Түсті және қара металлургия
Химия
Машина жасау
Жеңіл өнеркәсіп
Тамақ өндірісі
Электроэнергетика өз көмірімізбен, мұнаймен және су энергиясына негізделді. Ертіс өзенінде Өскемен ГЭС, Бұқтырма ГЭС-і, Сырдарияда Шардара ГЭС-і, Іледе Қапшағай ГЭС-і , Шульба ГЭС-і, Алматы, Қарағанды, Екібастұз, Петропавл, Жамбыл, Шымкент, Ермак, Павлодар және басқа қалалардағы ірі ТЭЦ -тер салынып іске қосылды.
Екібастұз, Қарағанды бассейндерінен тас көмір, Манғышлақ, Ембіде мұнай мен газ, темір рудасы Соколов-Сарыбай кен-байыту комбинатында, Кенді Алтайда полиметалл, жез, никель және т.б. рудалар өндірілді.
Түсті металлургия Балхаш, Жезқазған кен-байыту комбинаттарында жез, Өскемен, Лениногорск, Шымкентте қорғасын-мырыш, Павлодарда алюминий өндіру дамыды. Титан және магний өнеркәсіптері іске қосылды. Қара металлургия Теміртау, Ақтөбе, Қарағанды, Ермак қалаларында өндірілді. Машина жасау зауыттары (тау-кен, ұсталық- сығымдайтын станоктар, экскаваторлар, ауыл шаруашылығына арналған машиналар) — Шымкент, Қарағанды, Алматы, Целиноград, Кентау, Павлодар, Өскемен сияқты қалалар негізгі орталықтары болды. Республикада сонымен бірге химия өнеркәсібі де жоғары деңгейде дамыды. Жамбыл мен Шымкент қалаларындағы сары фосфор өндіретін комбинаттар Қазақстанды осы салады әлем бойынша алдыңғы орынға шығарды. Химия өндірісінің кәсіпорындары тыңайтқыш, фосфор, пластикалық өнімдер, синтетикалық каучук т.б. өнімдер шығарды. (негізгі өндіріс орталықтары — Қаратау, Шымкент, Жамбыл және Гурьев қалаларында болды)
Павлодар, Гурьев, Шымкент қалаларындағы мұнай айыру және Шынмкент авторезиналар жасайтын зауыттары Одақ көлемінде ірі кәсіпорындар саналатын. Кеңестік одақ кезінде ондаған жеңіл өнеркәсіп қатарға қосылды. Олардың ішінде Алматы мақта-мата мата комбинаты, Қостанай және Семей маталар комбинаты, Жамбыл былғары аяқ-киім комбинаты сияқты алдыңғы қатарлы техникамен жабдықталған кәсіпорындар жұмыс істеді. Қазақ КСР-де, КСРО тарқар алдында кейбіреулері шетелдік құралдармен жабдықталған 18 тігін фабрикасы жұмыс істеп тұрды. Осы кәсіпорындар саласында тері илеу, аяқ-киім, қой терісінен тон тігетін, жүннен жасалған киімдер, мақта мата, трикотаж бұйымдарын дайындау анағұрлым дамыған еді. Тамақ өндірісі ет,сүт, май айыру, қант, консерві өнімдерінің ірі кәсіпорындары жұмыс істеді.
Құрылыс индустриясы цемент, известь, кірпіш, темір бетондық конструкциялар шығаратын т.б. кәсіпорындарды қамтыды. Солардың бірі Алматы үй құрлысы комбинаты еді.
Бұрынғы жеңіл өнеркәсіп орындары:
Алматы мақта-мата комбинаты
Алматы кілем фабрикасы
Алматы былғары комбинаты
Алматы Гагарин атындағы тігін фабрикасы
Алматы галантериялық тігін фабрикасы
Алматы трикотаж комбинаты
Алматы «Жетісу» аяқ киім фабрикасы
Алматы аяқ-киім фабрикасы
Алматы мақта тоқу фабрикасы
Алматы былғары заттар фабрикасы
Жамбыл былғары аяқкиім комбинаты
Қарағанды аяқ киім фабрикасы
Қарғалы мәуіті шұға комбинаты
Қызыл ту
Қостанай мәуіті комбинаты
Семей аяқ киім фабрикасы
Семей мәуіті комбинаты
Шымкент тігін фабрикасы
Шымкент жіп иіру фабрикасы
Шымкент «Эластик» шұлық фабрикасы
Шымкент «Восход» тігін фабрикасы
Шымкент былғары өнімдері фабрикасы
Бұрынғы химия және пластмасса өнеркәсіптері
Шевченко пластикалық өнімдер зауыты
Гурьев химия зауыты
Ақтөбе химия зауыты (Алға)
Қарағанды синтетикалық каучук зауыты (Теміртау)
Қарағанды резина бұйымдары зауыты (Сарань)
Қостанай КСРО -ның 50 жылдығы атындағы химия талшықтары зауыты
Шахтинскідегі синтетикалық жуғыш заттары зауыты
Шымкет дөңгелек зауыты
Шымкент фосфор зауыты
Шымкет гидролиздік зауыты
Бұрынғы тамақ өнеркәсібі ірі кәсіпорындары
Алматы ет-консерві комбинаты
Алматы жеміс-жидек зауыты
Қарағанды ет комбинаты
Семей ет комбинаты
Ауыр машина жасау кәсіпорындары
Алматы ауыр машина жасау зауыты
Қазцветмаш
Гидромаш
Петропавл ауыр машина жасау зауыты
С.М. Киров атындағы машина жасау зауыты
Қарағандыдағы құрамына үш кәсіпорын кіретін «Каргормаш» өндірістік бірлестігі.
Траспорт
Тасымалдың негізгі түрі – теміржол. 1986 жылғы есеп бойынша тасымал ұзындығы
Теміржол 14,5 шақырым
Автожол 95,8 шақырым (олардың ішінде 80,0 асфальт)
Су жолы Каспий және Арал теңіздері, Балқаш көлі, Ертіс пен Сырдария, Жайық өзендеріде.
Авиациялық және құбыр арқылы тасымалдау дамыды.
Мұнай құбырлары Гурьев-Ор, Өзен-Шевченко, Өзен-Куйбышев, магистральді құбырлар Орталық Азия-Орал (Газли-Свердловск-Газли-Челябинск Свердловск арқылы, Бұхара-Ташкент-Шмкент-Жамбыл-Фрунзе-Алматы.)
1985 жылы 2140 совхоз бен 388 колхоз болған, ауыл шаруашылығына қатысты жер 198,0 млн. гектар оның ішінде
Егістік жерлер 35,7 млн. га.
Жайылымдық 157,0 млн.га.
Суармалы жердің аумағы 2,23 млн.га. ҚызылОрда, Шымкент, Жамбыл, Талдықорған және Алматы облыстарында ирригациялық жүйелер мен ірі каналдар құрылған еді. Қазақстан ет, жүн, астық өндірудің Кеңестер Одағында алдыңғы қатарынан саналатын. Мал басы 1955 жылы 4 млн. мүйізді ірі қара, 18 млн. қой болса 1983 жылы тиісінше 9 млн. және 36 млн. болды. Мал шаруашылығы ауыл шаруашылығының жалпы өнімдерінің 58 пайызын құрады. Ірі механикаландырылған жайылымдар мен суармалы жерлерде астық және мал шаруашылығы өркендеді. 1954-1960 жылдары тың жерлерді игеру кезінде (25,5 млн.га) республика КСРО-дағы астық өндіруден алдыңғы қатарға шықты. Негізінен бидай мен техникалық (күнбағыс, мақта) және жемдік дақылдар, жеміс, жүзім, бақша дақылдары өсірілді. Мал басы 1987 ж., мүйізді ірі қара 9,5 қой мен ешкі 36,4 млн. жетті, сонымен қоса жылқы мен түйе және шошқа өсіру артты. Жемдік азықтар 1990 жылы 11 млн. га. жерге өсіріліп жылдық өнім 4 млн. тоннадан асты.
Тек қана «Қазақстан магниткасының» өзі неге тұрады, ол бүкіл Кеңестік Қазақстан экономикасының 10 пайызын құрады. Осы өндірісте Ұлт көшбасшысы, Елбасы, еліміздің тұңғыш президенті Н.Ә. Назарбаев кәсіби шеберлік мектебінен өтіп, шыңдалды. Д.А. Қонаев пен Н.Ә. Назарбаев біздің халқымызға берген тағдыр сыйы іспетті. Олар біздер сияқты қарапайым адамдар, ал адамдардың бәрі де кейде қателеседі. Қытайда Мао Цзедун туралы мемлекет құру саясатында 70 пайыз дұрыс, 30 пайызында қателіктер жіберді деп айтады. Солай бола тұрса да асыраушы Мао Ұлы Қытай тарихында ерекше бағаланып, оның портреті Пекиндегі Тяньаньмень алаңында ілулі тұр. Біздерге өз жетекшілерін қалай құрметтеу керек екенін үлкен халықтардан үйрену керек. Кеңес Одағының тарихын қараңыздар, бұл біздердің ортақ тарихымыз. В.И.Ленин, И.В.Сталин, Н.С.Хрущев, Л.И. Брежнев және Ю.В.Андропов, К.У.Черненко, М.С.Горбачев міне Кеңестік кездегі басшыларды түкке тұрғысыз деп ұрсамыз. Елге жүргізген саясаты мен зобалаңдарың айтып қарғаймыз. Қазақстан халқы осыдан дұрыс қорытынды шығаруы керек. Көшбасшылар халық арасынан шығады. Әр ұлт өз башысын таңдайды.
Тарих доңғалағында Кеңес Одағы белгілі алғышарттарымен ыдырап кетті. Нұрсұлтан Әбішұлы бұрынғы республикалармен экономикалық байланыстарды сақтау үшін соңына дейін күресті. Егер турасын айтар болсақ Кеңестік Одақтан біз кеткен жоқпыз, бізді мәдени түрде шығарып салды. Құрлықтың алтыдан бір бөлігіндегі кең байтақ елдің барлық сала аралық, экономикалық, іскерлік байланыстары үзілді. Көптеген кәсіпорындар тұтынушылары болмағандықтан жабылды. Бұған біздің қатысымыз болмады кінәміз да жоқ. Уақытты таңдамайды, әр заманның өз сұрқылтайы болады. Біздің ұрпақ осындай қиын-қыстау кезеңге тап болды, Елбасының, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаетың жетекшілігімен басқа түскен сынақты көтере білдік және сүрінбей өттік. Келер ұрпақ бізден де асып түссін. Ал біздер ескі гвардия Сіздерге көптеп көмектесе аламыз. Өмірлік көзқарас пен тәжірибеміз мол және жеке бас пайдасы қызықтырмайды. «Ағадан ақыл, ініден ізет» — деген. Сіздер жаңа заманның толқынысыздар, алдарыңызда үлкен мақсат бар, Тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағы Сіздердің қолда. Өткеннен өнеге алып, ұмтылу басты қағидаттің бірі болуы керек. Бернард Шоу “Патротизм адамдардың өз туған елін бәрінен де артық санайтын жандар” — деген еді. Өз елдеріңнің патриоты болыңдар. Қазіргі күрделі уақытта Елбасы Н.Ә.Назарбаев пен Президент Қ.К.Тоқаевтың төңірегіне тығыз топтасу керек. Тәуелсіздік тұғырын нығайтуға, ел ертеңінің жақсаруына жеңіл жол болмайды. Саяси, ақпараттық, экономикалық шиеленістер, әлемдік экономиканың, қаржылық дағдарыстың туындауы сияқты қиыншылықтар болып тұрады. Халықтың байлығын жымқыруды доғару керек. Бұндай қиын да қилы заманда жең ұшынан жалғасқан жемқорлық пен ысырапшылдық кешірілмес күнә, қарапайым халық мұндайды кешірмейді.
Н.Ә. Назарбаевқа бәрін басынан бастауға тура келді. Бүгінгі күндері бізде бар құрылымдардың басым бөлігі бос жерден бой көтерген жоқ, олар біздің әкелеріміз бен аталарымыздың жанқиярлық ерен еңбегімен жасап кеткен кәсіпорындары базасында жасалып, жалғастырылды. Мен және мен сияқты замандастарым осының куәгері. 90 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысында әкім болдым. Қиын кезеңдер еді. Зауыттар мен кәсіпорындар тоқтап, өндірісте жұмыс орындары жабылып, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерде газ, жарық, жылу болмады. Жылдар бойы еңбекақы мен зейнетақы төленбеді. Осының бәрін де халық бастан өткерді. Ал жастар біле бермейді, кейбірінің білгісі де келмейді. Олай істеуге болмайды. Қазіргі уақыт та қас пен көздің арасындай жылдам өте шығатынын есте ұстаңдар. Біз де дүниені қопарып жіберетіндей жігерлі жас болдық. Бұл ертеңге қарай құлшынысы бар албырт жастыққа тән қасиет. Өмір заңы осылай. Әрқашан аға буын өкілдерін құрметтеу керек. Олардың мол өмірлік тәжірибесін, ақылын еш жерден сатып ала алмаймыз. Менің жас шағымда өмірлік достарым болды. Сергей Александрович Терещенко, Тито Вахапович Сыздықов. Сервантес “Досың үшін жаныңды беруге болады, жанын қиатын дос табу қиын” – деген. Ал менде ондай достар бар. Осы екі досым отаны үшін көп нәрсе істеуіне болады.
Мен 64 жасымда зейнетке шыққанмын. Қамсыз өмірдің қанағаты жақсы ғой. Зейнеткерлік жасқа толды деп бергеннен берері мол талантты тұлғаларды қатардан шығармай халық игілігіне қоғам пайдасына пайдалану керек. Кейбіреулер 40-50 жасында зейнеткерлікке шығып жатады, қоғамда оның орны біліне бермейді. Бірақ ел басшылығының алдынғы сапында жүрген қайталабас тұлғалар бар, соларды көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Жас буын өкілдері солармен бірге жұмыс істеп, оқып, үйренуі, тәжірибе жинақтауы керек. Ұрпақтар сабақтастығы осында, әйтпесе элиталық қуатты жағалтып алуымыз мүмкін. Ел Президенті Қ.К.Тоқаев қазіргі министрлер мен облыс басшылары өздері толық жауапкершілікті алуға қорғанады — деп дұрыс айтады. Көпшілігі бастарын құмға тығып, страустың позициясын ұстағысы келеді. Ал біздер 90 жылдардағы әкімдер қиындықтан жол таба білдік, ағалармен ақылдасып, халықпен санаса білдік. Н.Ә.Назарбаев министрлер мен әкімдердің іскерлік бастамаларын үнемі қолдап отырды. Оңтүстік Қазақстанның әкімі болып тұрған кезде Кентау кеншілерінің сол кездегі астанамыз Алматыға жорығын тоқтатып, ұстап тұрдым. Мыңдаған адамдардың алдына әр күні шығып басу айтып, жағдайды түсіндіріп отырдым. Оның бәрі Кентау кеншілерінің жалақысын бермегеннен басталған еді. Бар жауапкершілікті өз мойныма алып кеншілерді тоқтатпағанда үлкен толқуға ұласатын еді. Кентаудан Алматыға дейінгі 900 шақырым аралықта Қаратау мен Жаңатас және тағы басқа жерлерден ереуілшілерді қосып алып үлкен толқулар туғызып, үкіметке өкпе айтқан сан мыңдаған адамдар Алматыға жетсе не болар еді. Премьер Министр А.Қажыгелдин қанша келем десе де келе алмады. Ол маған осы жағдайды өзің атқарғаның дұрыс болар еді деді. Күрделі жағдайды өз жауапкершілігіме алып, Үкіметке сөз келтірмей шешуіме тура келді. Біз кеншілердің жалақысын толықтай өтеп, халық наразылығын тоқтаттық. Қазіргі әкімдер де солай қимылдау керек, орын алған олқылықтар кезінде жағдайға байланысты бәлкім қатаң талаптармен қарау керек. Отызыншы жылдары халықтың бас көтерген зиялыларын түрмелерге тоғытты, атты ғой. Осылардың бәрін біле тұра қоғамға пайдасы тиер, ұлт зиялыларын кей кездері шеттетеміз. Бұның бәрі қоғам дамуындағы саяси көзқарастан туындаған уақытша кедергілер деп есептеймін. Бұл мәселені қоғам пайдасына тезірек шешкен дұрыс.
Халық аузында мындай бір аңыз бар. Бір күні Падишах барлық жастарды жинап алып 60-тан асқан әкелерін жоғалтуды бұйырады, кім де кім жарлықты орындамаса бастарын шабамын,-дейді. Әкесі 60-қа толған біреуі оны дорбаға салып жоғалтуға атаныпты. Жолда дем алуға ағаш бір түбіріне отырады. Әкесі баласынан қай жерде отырсың деп сұрайды. Ағаш түбірінде дем алып отырмын дейді баласы. Сонда әкесі күліп, -мен де әкемді қоқысқа әкеле жатқанда осы жерде дем алғанмын дейді. Ұлы өз қателегін сезіп, әкесін үйге әкеліп сандыққа жасырыпты. Келесі күні падишах жаңадан жарлық шығарады. Ол жастарды сарайдың жанына жинап, екі алтын жұмыртқаны тұңғиықтан алып шықса соған қызымды беремін дейді. Жарты патшалықтың жастары қаншама сүңгісе де жұмыртқаны ала алмай бастарынан айырылады. Жұмыртқаны алудың кезегі ертеңге келіп қалған ұл ұнжырағасы түсіп үйіне келеді. Әкесі ұлына — неге қабағың түсулі? — деп сұрайды. Ұлы барлық жағдайды баяндап береді. Сонда әкесі ол жұмыртқа су түбінде емес, үстіндегі ағаштың басында құстың ұясында жатыр, су астынан көрініп тұрған сәулемен шағылысқан бейнесі дейді. Ертесінде келіп ұядан екі алтын жұмыртқаны алып, падишахқа береді. Падишах одан жұмыртқаны қалай тауып алғанын сұрайды. Сонда ол Падишахтың жарлығын орындамай әкесін аман алып қалғанын, сол әкесі жұмыртқаны қалай табуды айтып бергенін, осы үшін падишах басын шауып алса да әзір екенін айтады. Бірақ падишах өзін ақылға жеңдіріп, 60-тан асқандарды құрметтеп, сыйлауға қайтадан жарлық шығарады. Ал жастар үлкендерден өмір әліппесін үйренуі керек. Падишах қызын да жарты патшалығын да әлгі жігітке береді. Міне үлгі аларлық аңыз осындай.
Александр Македонскийдің билік құрған кезінде Диаген деген ойшыл философ болыпты. Ол 60 жасқа толғанда енді тыныш өмір сүруін сұраған екен. Сонда Диаген уақыттың бағасын енді ұққанын, алдыда әлі көп нәрсені істеп үлгерсем депті. Ұлы ойшыл ешқашан ешкімнің алдында бас имеген. Ол күнге қыздырынып жатқан уақытта Александр Македонский «Менен не сұрағың келеді, бәрін орындаймын- депті. «Күнді көлеңкелемей былай тұршы»- депті. Кейіннен Македонский «Егер мен Ұлы Александр Македонский болмасам, Диаген болғым келер еді» депті. Бізде де өзіміздің философ емес өндірісші Диагендеріміз бар. Мысалы, Сергей Александрович Терещенко. Ол Елбасы, Қазақстанның тұңғыш президенті Н.Ә.Назарбаевпен бірге еліміз үшін күрделі кезеңдерде жанынан табылып, Премьер Министр болды, еліміздің болашағы үшін күндіз-түні қол құрғатпай жұмыс істеді. Қиын-қыстау кезеңде бәрін істеп үлгеру керек болды. Н.Ә.Назарбаев оны іскерлігі,кәсіпқойлығы және қарапайымдылығы үшін жоғары бағалап, зор еңбек сіңірген адамға Республикамызда алғашқылардың бірі болып, «Еңбек ері» алтын жұлдызымен марапаттады. Оның алдыға қойған үлкен мақсаттары, атқарылған нәтижелері қандай, «мәңгілік қозғалтқыш» сияқты жаңа шынайы идеяларды жүзеге асыруда көптеген жетістіктерге жетті. Бұл қасиет оның әкесі, менің ұлағатты ұстазым Александр Иванович Терещенкода болған. Олар істің басында қарап отырмайды. Бұл туа біткен қасиет. А.И.Терещенко Түлкібас ауданындағы Октябрь революциясы орденді «Победа» колхозын ұзақ жылдар бойы басқарды. Айтқанынан қайтпайтын қайсар мінезді адам өз ойларын аяғына дейін жеткізетін. Оны екі рет Социалистік Еңбек Ері атағына ұсынса да өтпей қалып, орнына екі Ленин орденін алды. Д.А.Қонаев А.И.Терещенконы жақсы білетін еді, ол да Д.Қонаевты пір тұтты. А.И.Терещенко аудандық, облыстық деңгейдегі басшылардың мардымсыз тапсырмаларын орындаған жоқ. Істің дұрыс орындалуы үшін өз дегенін істеді. Сол үшін басшылардан жиі сөз естуші еді. Ауыл шаруашылығы өнімдерін егу мен күзгі жиын-терімде басшылық берген мерзімді емес ауа райының қолайлы жағдайын ескеретін.
Бір күні колхоздың егістік даласын араладық. Мен ол кезде Түлкібас аудандық атқару комитетінің Төрағасы болатынмын. Егіс алқабында ол бір уыс топырақты ұстап көрді, топырақ ылғалды екен, “егуге ерте, дән шіріп кетеді” — деді. Келесі алқапта керісінше топырақ кеуіп кетіпті, ол агрономның себу мерзімін кешеуілдеткені үшін ұрсып алды. Ал маған “Зауытбек Қауысбекович” деді, әр кезде маған аты-жөніммен атайтын интелегент еді, мен ол адамды әкемдей көріп, ұстазым ретінде сыйлайтынмын. «Дәнді топыраққа дер кезінде себу керек, ылғалды кезде шіриді, құрғақ кезде өспей қалады» деді. Мен бұл қағиданы жауапты шешім қабылдар алдында әр кез еске ұстайтынмын. Бұл үрдіс өмірдің барлық тарауына келеді. Біздің замандастарымыздың өнегелерінен жастар үлгі алсын. Интернетте осының бәрі бар. Сергей Александрович Қазақстан халқын емдік бал, фисташкалар, грек жаңғақтарымен қамтамасыз етуді мақсат тұтты. Осының бәрін кері тартқан, қолдаудың орнына үнсіз қалатын кейбір оспадар шенеуіктерсіз атқарады. Сергей Александрович сияқты белгілі адамдар шенеуніктердің бюрократиялық кедергісінен айтқанын өткізе алмай отырғанда, жұмысын жаңа бастаған кәсіпкерлер қандай болары айдан анық қой. Бұл жерде жүйені мемлекеттік құрылымдар кіші және орта кәсіпке жұмыс істейтіндей өзгерту керек. Көптеген дамыған елдерде қолданылатын әдістемелік бойынша ел экономикасының 50-70 пайызын құрауы керек. Сонда ғана біз құрып жатқан нарықтық экономика өз нәтижесін береді.
Д.А. Қонаев пен Н.Ә. Назарбаевты салыстыруға болмайды, өйткені екеуі біздің еліміздің екі түрлі дәуірінде басшылық етті. Әрқайсысының алдыңда әрқалай тарихи міндеттер тұрды. Өз кездеріндегі алдында тұрған міндеттерді ақаусыз орындады. Леонид Слуцкий өлеңдерінде «Кімнің кім екенін Уақыт көрсетеді,Уақыт бәрін өз орнына қояды» деген ғой.
Бұл адамзат өміріндегі бұлжымас заңдылықтар. Тарихи тұлға, маңдайға жазылған тағдырдың ісі. Президент болу туа бітті қасиеттен. Тарихта аты қалғандар бар, әлдебір оқиғалармен атаусыз өткендер бар. Осыны еске ұстау керек. Мен қазіргі Тәуелсіз Қазақстанның құрылуында көптеген маңызды істердің басы-қасында болдым. Өткен оқиғаларға өз көзқарасым бар. Егер оқырманға қызықты болса осылардың бәрін баяндап беремін.