Абай АПБ-на жергілікті тұрғын алаяқтың құрбаны болғанын айтып шағымданды. Ол өз арызында интернеттегі ақшаңызды 10 күнде 50%-ға көбейтіп беремін деген жылтыр жарнамаға сеніп қалғанын жеткізді.
Жәбірленуші алған ақпараттың рас-өтірігіне көз жеткізу мақсатында, қала аумағында бейтаныс келіншекпен кездескен. Ол берген ақшасын он күн ішінде көбейтіп беретініне сендіріп, өзінің банктік есеп шотына 1 290 000 теңге аударым жасатып, ізін суытқан.
Уәде етілген мерзім өткен соң, күдікті ұялы телефонға жауап бермей, із-түссіз жоғалғанда ғана әйел алаяққа алданғанын түсінген.
Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚК-нің 190-бабы 1-бөлігі «Алаяқтық» бойынша тіркеді. Күдіктінің жеке басын анықтады. Ол, 27 жастағы Түркістан облысының тумасы болып шықты.
Тергеу барысында, азаматша бұған дейін осыған ұқсас қылмыс жасағаны үшін сотты болғаны анықталды. Сондай-ақ, алаяқтық жолмен иемденген қаржысын құмар ойынға тігіп, ұтылып қалғаны белгілі болды.
Сот отырысында, айыпталушы өз кінәсін мойындап, жәбірленушіге келтірілген шығынды толық өтегенін жеткізді. Сәйкесінше, сот оған қатысты
3 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.
Осы ретте Шымкент полицейлері азаматтарды алаяқтардан барынша сақ болуға шақырады. Жеңіл жолмен келетін пайдаға қызықпауды және оны ұсынатын адамдардан аулақ болуды ескертеді.