Көлік салығы бензин акцизінің құнына ауыстырылады ма?

46
фото inform.kz

Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин көлік салығын алып тастауға қатысты түсініктеме берді. Айтуынша, көлік салығын алып тастау мәселесі сән-салтанатқа салынатын салықпен бірге кешенді түрде талқыланып, қарастырылып жатыр.

«Шынымен де көлік салығын бензин акцизінің құнына ауыстыру нұсқасы талқыланып жатыр. Бірақ бұл мәселеге мұқият қараған жөн, сол себепті біз саралаймыз. Әзірге көлік салығын қозғалтқыш көлемі 4 литрге немесе 3,5 литрге дейінгі автомобильдер үшін алып тастау көзделіп отыр. Қазір қосымша есептеулер жүргізілуде», — деді Әмрин үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, көлік салығын бензин құнына ауыстырса, жанармай қымбаттауы мүмкін.
«Біз қазір 80 млрд теңге көлік салығын жинаймыз, 5 млн. тонна мұнай өнімдерін тұтынамыз. Егер көлік салығын бензин құнына ауыстырсақ, салықты бензин арқылы шығарып алу үшін бензин бағасы 14 теңгеге өсуі керек», — деп түсіндірді Әмрин.
Оның айтуынша, еліміздегі автокөліктердің 5-7%-і ғана қозғалтқыш көлемі 4 литрден асады. Қалған 95 пайызы қозғалтқыш көлемі шағын автомобильдер.
«Яғни қазір бұл мәселе талқыланып жатыр. Көлік салығы ауыстырылады, бірақ қандай көлемге дейін екені белгісіз. Егер 4 литрге дейін деп алсақ, онда қозғалтқыш көлемі төрт литрден аспайтын барлық автокөлік иесі көлік салығын төлемейді, олар акциз арқылы төлейді»,- деді вице-министр.