Оңтүстік өңірде мақта жинау науқаны басталды. Ордабасылық шаруа жұмыс процесін жеңілдету үшін арнайы комбайн сатып алған. Оған қоса өнім көлемін арттыру үшін таңдаулы тұқымды Түркиядан алдыруда.
Түркістан облысында мақта теру маусымы басталды. Ордабасылық «Рамазан Агро» ЖШС-і 700-ден аса гектар аумаққа ақ алтын егіпті. Ол өнім көлемін арттырып, сапалы мақта талшығын алу үшін Түркиядан 88 тонна тұқым сатып алған. Шаруа соның арқасында гектарына 40 центнерден өнім жинап отырмыз дейді.
Мейірхан Батырбек, «Рамазан Агро» ЖШС-нің директоры: «Биылғы мақта былтырғыдай болатын шығар деп отырмыз. Былтыр орташа гектарына 43 центнерден болған. Біз жаңа тұқым әкеп егіп жатырмыз былтырдан бері. Тұқымды Түркиядан әкелеміз. Өнімдері сапалы болады. Әлемдік рынокта сұранысқа өнім».
Шаруа қожалығы 2009 жылы құрылған. Ал 7 жылдан бері мемлекеттің көмегіне жүгініп, лизингке 15 комбайн алыпты. Бұрын мақтаны жергілікті тұрғындарға тергізіп келген кәсіпкер, жұмысының жеңілдегенін жеткізді. Ал, облыста 575 техника жеңілдетілген несиемен алынған. Оның 176 мақта шаруашылығына тиесілі.
Бекжан Жұқабаев, «ҚазАгроҚаржы» АҚ Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша филиал директорының орынбасары: «Өткен жылы біз өңірімізде 8,6 млрд. теңге бөлінген еді. Биыл 9,5 миллиард теңге лизинг ауыл шаруашылығы техникасына бөлінді. Оның 7,3 миллиарды игеріліп, 600-дей техникаға келісімшарт жасалды».
Төрткүл ауылында мыңнан аса гектар алқапта ақ алтын егеді. Олардың бәрі сапалы шитті мақта егуді қолға алған. Ал сапасы жоғары өнімдерді жергілікті мақта қабылдау орны сатып алады.