Түркістанда мақта терімі басталды

337
Түркістанда мақта терімі басталды

Елбасының «100 нақты қадам» ұлт жоспарындағы ауыл шаруашылығы саласында отандық өнімдердің қатарын арттыру бағытында үкімет қабылдаған тапсырмаларды жүзеге асыруға түркістандық кәсіпкерлер білек сыбана кіріскен. 156 ұсақ қожалықтың басын біріктірген «Тұран» шаруа қожалығының құрылғанына биыл 25 жыл. Кәсіпкер биыл Түркістан қаласының іргесіндегі мыңнан астам гектар алқабына мақта еккен. Жақында терім басталып, мақташылар ақ алтынды қолмен жинауға кірісті. Ауа райы қарасып тұрғанда өнімді шығынсыз теріп алуды көздеп отыр. Мақтаның келісі – 156 теңге, бұл тиімді баға дейді шаруалар.

Түркістанда мақта терімі басталды

Шаруа қожалығы өзіне тиесілі егістіктен бөлек осындағы 4 ауылдың да мақтасын жинайды. Және шаруаларды сапалы тұқыммен қамтуды өз мойнына алған. Бүгінде мақта талшығына сұраныс жоғары. Кәсіпкер өнімнің 90-95 пайызын Беларус және Ресейдегі тоқыма өндірісіне экспорттайды. Қалғанын шаруашылықта өңдеп, көрпе, жастық жасайды.

Шаруашылықты дамыту үшін қожалық иесі «Макисмум» аймақтық инвестициялық орталықтан 6 пайыздық мөлшерлемемен 5 жылға 60 млн теңге несие алып, бүгінде қаржыны уақтылы қайтаруда. Мақтаның өнімділігі мен сапасын арттыру үшін тұрандықтар сарыағаштық ғалымдармен жүйелі жұмыс жасап, мақтаның жаңа сұрыпын шығарыпты.

Түркістан мақтасының талшығы 4-үлгіге жатады. Мақтаның бұл түрі тоқыма өнеркәсібінде кеңінен пайдаланылады. Енді түркістандық кәсіпкерлер Оңтүстіктегі тоқыма кәсіпорындарын жергілікті шикізатпен қамту бойынша еңбек етпек. «Тұран» шаруа қожалығының бастамасы отандық өнімдердің нарыққа шығуына толық мүмкіндік беріп отыр.