Техниканы жеңілдетілген лизингке беру бойынша өтінім қабылдау басталды

24

Ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизингке беру бойынша өтінім қабылдау басталды. Фермерлерден бастапқы жарна талап етілмейді. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов  министрлік ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту бойынша нақты жоспар әзірлегенін атап өтті.

«Кеше «ҚазАгроҚаржы» арқылы ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизингке беру бойынша өтінім қабылдау басталды. Ол бастапқы жарнасыз жүзеге асырылады. Яғни фермерлерге қазір ештеңе төлеудің қажеті жоқ. Кепілге техниканың өзі алынады. Несиелеу мерзімі – 10 жылға дейін. Несие 6%-пен беріледі», – деді Сұлтанов Астанада ашылған халықаралық KazAgro/KazFarm-2023 ауыл шаруашылығы көрмесінде.
Айтуынша, жеңілдетілген лизинг бағдарламасымен отандық өндірістен шыққан ауыл шаруашылығы техникаларын алуға болады.
Вице-министр былтырғымен салыстырғанда отандық техникалар әжептәуір арзандағанын атап өтті.
«Жекелеген техникалардың бағасы 40-50 млн теңгеге төмендеген. Үкімет тарапынан осындай жұмыс жүргізілді. Сол себепті техника қазір қолжетімді», -деді министрдің орынбасары.
Елордада халықаралық KazAgro/KazFarm-2023 ауыл шаруашылығы көрмесі өтіп жатыр. Үш күнге жалғасатын көрмеде әлемдік жетекші агроконцерндердің жаңа ауыл шаруашылығы техникалары мен жабдықтары, Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені, аграрлық ғылымдағы соңғы жетістіктері мен инновациялық технологиялар ұсынылады.