Сенат депутаттары «Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясын құру туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды мақұлдады.
Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаевтың айтуынша, қайта сақтандыру компаниясы экспорттық және импорттық қызметпен айналысатын ұйымдардың тәуекелдерін қайта сақтандырып отырады. Бұны танымал шетелдік компаниялар да жасай алады.
Бірақ барлығы Ресей мен Беларуьсқа тасымалданатын тауарларды қайта сақтандырудан бас тартты. Ал өзіміздің «KazakhExport» компаниясының мүмкіндігі шектеулі, қайта сақтандыруға қаржысы да жетпейді.
«Сол себепті KazakhExport өз тәуекелдерін басқа компанияларда қайта сақтандырып отырады. Атап айтқанда, Ұлыбритания, Швейцария және басқа да мемлекеттерде халықаралық компаниялар бар. Дегенмен Ресей мен Украинаның соғысы басталып кеткеннен кейін бұл компаниялар Ресейге тасымалданатын тауарларды сақтандырудан бас тартып отыр», — деді Төребаев сенаттың бүгінгі отырысында.
Қазіргі кезде KazakhExport-тың тәуекелдері 40 процентке жетті. Соның барлығы Ресей Федерациясымен байланысты. Осы тәуекелдерді қайта сақтандыру мақсатында Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясы құрылып жатыр. Ол Ресей мен Беларуське тасымалданатын тауарларды қайта сақтандырады.
«Жаңа компанияның жарғылық капиталында біздің жарнамыз 20 процентті, 5 миллиард рубльді, шамамен 25 миллиард теңгені құрап отыр. Беларусь — 30 процент, Армения — 3 процент, Қырғызстан — 2 процент, ал Ресей 45 процентін салып отыр. Осы ақшаны бір рет саламыз, ол айналымда болады», — деп атап өтті Төребаев.
Айта кетері, Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясының бас кеңсесі Мәскеуде орналасады.