Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясы құрылады

32
Мәжілістің жалпы отырысы өтті
Мәжілістің жалпы отырысы өтті

Мәжіліс депутаттары «Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясын құру туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қабылдады.

Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясын құру туралы келісім 2022 жылы 20 қазанда Ереван қаласында рәсімделген болатын. Оған сәйкес, Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясы халықаралық қаржы ұйымы ретінде құрылады. Оның жұмысын бес мемлекет – Қазақстан, Ресей, Армения, Беларусь пен Қырғызстан реттейді.
«Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің қатысуымен Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясын құру қатысушы елдердің экспорттық-импорттық қарым-қатынастарын дамытуға, инвестициялар көлемін ұлғайтуға, экспорттық кредиттерді қайта сақтандыру саласындағы қызметті жүзеге асыру жолымен тараптардың үшінші елдермен сауда-экономикалық байланыстарын кеңейтуге қолайлы әсер етеді», – дейді депутат Сабильянов.
Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясы ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерге сыртқы және өзара сауда бойынша сақтандыру қызметін ұсынады. Инвестициялық ынтымақтастыққа тың серпін береді деген жоспар бар. Компания экспорттық займдарды сақтандырып, кредиттік агенттіктермен және сақтандырушылармен жұмыс істейді.
Келісімге сәйкес, компанияның жарғылық капиталы 15 млрд рубльді (шамамен 85 млрд теңге) құрайды:

Қазақстан – 3 млрд рубль – 20%,

Ресей – 6 млрд 750 млн рубль – 45%,

Армения – 450 млн рубль – 3%,

Беларусь – 4 млрд 500 млн рубль – 30%,

Қырғызстан – 300 млн рубль – 2%.

Айта кетері, келісімді барлық мемлекет ратификациядан өткізу керек. Сонда ғана Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясы өз жұмысына кіріседі.