«Айка» фильмінің режиссері Түркістан туралы әлемдік деңгейдегі фильм түсірмек. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының ресейлік белгілі режиссер Сергей Дворцевоймен кездесуі кезінде белгілі болды. Айта кетсек, кино майталманы Шымкент қаласының тумасы.
Режиссер шынайы оқиғаларға негізделген шытырман драма жанрындағы тарихи кинотуындыға шетел әртістері мен Қазақстанның кино жұлдыздарын қатыстырмақ. Облыс әкімдігінің мәліметінше, фильм сценариі әзірге құпия. Дегенмен тарихи тұлғалардың біразы фильмнен көрініс таппақ. Туындының бөліктері Түркістан мен Қарнақта түсіріледі.
Канн кинофестивалінде «Үздік әйел рөлі» номинациясының жеңімпазы атанған қазақстандық актриса Самал Еслямова түскен «Айка» фильмінің режиссері кездесуде алдағы жоспарларымен бөлісті.
«Бұл өте үлкен жұмыс болмақ. Әлемнің бірнеше елінің өкілдері бас қосатын мегажобаға дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оған кино жұлдыздары түседі. Кастинг Қазақстанда да өтеді. Өзім осы оңтүстікте туып өскен соң бұл тақырып мен үшін аса маңызды, жаныма жақын. Соңғы 8 айдан бері тарихи фактілерді ақтарып, иран, қытай тілдерінде жазылған дүниелермен танысып жүрмін. Шабыт алдым. Соны жинақтап, әлемді таң қалдыратын дүние шығаруға дайынмын. Бұл деңгейі мен сапасы бөлек, 2-3 жылда мұрағатқа кететін емес, жылдар бойы сақталатын өшпес туынды болмақ», – деді Сергей Дворцевой.
Кинорежиссер алдағы уақытта Қазақстанның кинематография саласының дамуы жолында аянбай еңбек ететінін сеніммен жеткізді. Өнер туындысының жарыққа шығуына еліміздің ғана емес, еуропалық қорлардың қатысатынын да атап өтті.
Обылс басшысы еліміздің кинематография саласын дамытуға үлесін қосып жүрген және оның әлемдік деңгейде танымал болуына қосқан үлесі үшін кинорежиссер Сергей Дворцевойға шынайы алғысын білдірді. Тарихты дәріптейтін бастамасына қолдау көрсетілетінін жеткізіп, еңбек жолындағы жоспарларына сәттілік тіледі.