Армения елінде Әлем чемпионы атанған спортшыларымыз елге оралды. Бокстан жасөспірімдер арасында өткен додаға 58 мемлекеттен 357 былғары қолғап шебері қатысты. Қазақстан Ұлттық құрамасы 4 алтын, 6 қола медальді олжалап, командалық есепте 4-ші орыннан көрінді.
Бокстан әлем чемпионатында топ жарған спортшылар елге оралды. Армения елінде 21-ші қараша мен 4-ші желтоқсан аралығында өткен чемпионатта Қазақстан Ұлттық құрамасы 4 алтын мен 6 қола медальді олжалады. Айсұлу Мұхит 66 келіде 4 кездесу өткізіп, барлық жекпе-жегінде айқын басымдыққа ие болды.
«Жалпы өзім 2 кездесу өткіздім. Жартылай финалда орыс қызымен шықтым. Ал, финалдағы қарсыласым Румыниялық спортшы болды . Спортшылар дайындығы мықты, осал деп айта алмаймын» , — дейді бокстан әлем чемпионы Айсұлу МҰХИТ.
Ал, ұлдар арасында Нұрасыл Төлебек барлық қарсыласынан басым түсті. Шымкенттік жас спортшы 54 келі салмақта жұдырықтасып, алтын медальды қанжығаға байлады.
«Ақтық сында Үнді боксшысымен шықтым. 3 раунд жекпе-жек болды. Соңында жеңіске жеттім. Алдағы уақытта жастар құрама командасына ілігіп, Азия, әлем чемпионаттарында ел намысын қорғаймын деп ойлаймын» ,- дейді бокстан әлем чемпионы Нұрасыл ТӨЛЕБЕК.
Айта кетейік, аталған жаһандық додаға 58 мемлекеттен 357 былғары қолғап шебері қатысты. Еліміздің жеңімпаз спортшылары енді Азия чемпионатына бақ сынамақ.