Úı ANONS Қарабұтақ – Қызылорда – Шымкент автожолында жөндеу жұмыстары жалғасуда

Қарабұтақ – Қызылорда – Шымкент автожолында жөндеу жұмыстары жалғасуда

Күннің күрт ысуы мен топырақтың маусымдық өзгерістеріне байланысты республикалық автожолының кейбір учаскелерінде жол жабыны көтерілген. Салдарынан, ақаулар пайда болып, көліктердің қатынауына кедергі келтірген. Қазіргі таңда, Қарабұтақ – Қызылорда – Шымкент автожолындағы олқылықтар реттелді ме?

Жол сапасы – қозғалыс қауіпсіздігінің басты кепілі. Осы мәселені түбегейлі шешу мақсатында Қызылорда облысының Арал ауданы аумағындағы жол бөліктерінде ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Өйткені, күннің күрт ысуы кейбір жол бөліктеріне әсер еткен. Қазір мамандар жолдың зақымданған учаскелерін толық жаңартып, оның беріктігі мен қауіпсіздігін арттыруға күш салуда.

Қызылорда облысының Арал ауданы аумағындағы республикалық маңызы бар KAZ-06 «Қарабұтақ – Қызылорда – Шымкент» автомобиль жолында жалпы ұзындығы 9,5 шақырымды құрайтын учаскелерде орташа жөндеу жұмыстары жалғасуда. Жөндеу жұмыстары жол төсемінде бұрыннан анықталған ақауы бар күрделі учаскелерде жүргізілуде. Мәселені түбегейлі шешу мақсатында ісіну қасиетіне ие топырақты толық ауыстыру және жол жамылғысының конструкциялық қабаттарын қайта жаңарту көзделген.

Айта кетейік, жоба аясында құм, қиыршықтас қоспасы және бірнеше қабат асфальтбетоннан тұратын алты қабатты жаңа жол төсемі төселеді. Қазіргі таңда 8 шақырымға жуық жолдың ескі конструкциялық қабаттары толықтай бөлшектелген. Нысанда 80 арнайы техника мен 95-тен астам жұмысшы еңбек етуде. Жаз мезгілі басталысмен, күннің күрт ысуы жол жабындыларына әсер ете бастады. Мәселен, маусым айының соңғы онкүндігінде кейбір аудандарда күннің ысуы орын алады.

ҚАЙСАР ШАЯХМЕТОВ, ИНЖЕНЕР-СИНОПТИК: «Жекеленген аудандарда бұршақ пен шаңды дауылдардың болуы ықтимал болады. Темперетуралық фонда тұрақсыз боалды. Елдің батысында, шығысында, орталығында күндіз 28-33 градустан 35-39 градус қатты ыстыққа дейін көтерілсе, ал орталығында өте қатты ыстық 42 градусқа дейін жетеді. Елдің оңтүстіік жартысында күндіз 28-33 градустан 34-40 қатты ыстыққа дейін, жекеленген күнде 40-46 градусқа дейін ауытқуы болжанады».

Мамандардың айтуынша, жоғары температура мен топырақтың табиғи ерекшеліктері жол жабындысына қосымша салмақ түсіреді. Сондықтан жөндеу барысында ақауларды уақытша жамау емес, олардың негізгі себептерін жоюға басымдық беріліп отыр. Жоспарланған жұмыстар толық аяқталғаннан кейін бұл учаскелердегі жол сапасы жақсарып, көлік қозғалысының қауіпсіздігі мен жайлылығы артады деп күтілуде.

Нұргүл Жолымбетова