Келес ауданында өңдеу өнеркәсібі саласында өнім көлемі 5 пайызға төмендеген

26

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының аудандарға іссапары Келесте жалғасты. Облыс басшысы аудан активімен мәжіліс өткізді. Жиында өңірді дамыту мәселелері талқыланып, индикаторларды орындамаған жауапты басшыларға сын-ескертпе айтылды.

Келес ауданынында биыл 10 ай көлемінде өндеу өнеркәсібі, инвестиция, жаңа жұмыс орындарын ашу және өзге де мәселелер бойныша бірқатар көрсеткіш орындалмаған. Мәселен, өңдеу өнеркәсібі саласында өндірілген өнім көлемі 1,1 млрд. теңгені құрап, нақты көлем индексі 5 пайызға төмендеген. «Ауыл аманаты» жобасының өсімдік шаруашылығы бағыты бойынша 448 млн. теңгеге 80 жоба жоспарланса, бүгінде оның 55 жобасы ғана қаржыландырылған.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Жыл соңына дейін барлық жоспарланған көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз ету қажет. Келес – көрші мемлекетпен шекаралас аудан. Сауда-саттықты, өнеркәсіпті дамытуға мүмкіндік мол. Инвестиция тарту, өнеркәсіп көлемі бойынша осы жылға бекітілген жоспарларға қол жеткізу үшін қажетті шараларды қабылдаңыздар. Келес ауданында ауыл шаруашылығын дамыту үшін қолайлы жағдай қалыптасқан. Осы саланы дамыту керек. «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру барысы төмен деңгейде. Жұмысты ширатыңыздар».

Жиында мемлекеттік сатып алу, кіріс көздерін ұлғайту, кәсіпорындар ашу, білім, денсаулық салаларын дамыту көрсеткіштері талқыланды. Облыс әкімі аудан басшылығына инфрақұрылымдарды жақсарту, абаттандыру, тазалық жұмыстарын күшейту, инвестиция тарту бойынша тапсырма берді. Мәжілісте Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев өңірде ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлікті дамыту салаларына басымдық беріліп жатқанын мәлімдеді.

Жәнібек Ағыбаев, Келес ауданының әкімі: «Жалпы құны 169,6 млн 4 жоба іске асырылып, жаңа жұмыс орындары 41 адам жұмысқа орналасты. Жалпы құны 100 млн теңгені құрайтын тамшылатып суару құрылғыларын өндіру цехының құрал-жабдықтары Қытай Халық Республикасынан сатып алынып, құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталып, іске қосылды».

Дархан Сатыбалды жұмыс сапары барысында Бірлік ауылдық округінде орналасқан «ТМ-строй21» ЖШС-нің өндіріс орнымен танысты. Мекеме пресс жіп пен құрылысқа қажетті темір тор өндіреді. Сонымен қатар, мал бордақылаумен айналысады. Кәсіпорын 34 адамды жұмыспен қамтып отыр. Өңір басшысы аудан әкіміне ауылдарда осындай кәсіпорындарды ашуға қолдау көрсету, инвесторлар тарту жөнінде тапсырма берді.