Шымкент аэропорты санитарлық – қорғау аймағында үйлерге қатысты шешім шықты

39

Шымкент әуежайы санитарлық қорғау аймағында орналасқан үйлерге қатысты шешім шықты. Тиісті құқықтық -нормативтік актілер бойынша нысанның қорғау аймағы 100 метрге дейінгі қашықтықты алып жатуы шарт. Оған әуежай маңындағы 139 гектар жер кіреді.

Бүгінде аталған аймақта 307 жер телімінде тұрғын үй бар. Осы мәселені шешу үшін мемлекетке 307 жер телімін қайтарып алу жөнінде қаулы қабылданған болатын. Ал бағалау жұмыстары оған 30 млрд теңге қажет екенін көрсеткен екен. Қала әкімі өзінің инстаграм парақшасында бұл қаражат қала бюджетіне салмақ түсіретінін айтып, халықтың баспанасы бұзылмайтын өзге жолды көрсетті.

Ғабит Сыздыкбеков,  Шымкент қаласының әкімі: «Алайда, бағалау жұмыстары бұл мақсатқа 30 миллиард теңге қажет екенін көрсетті. Нәтижесінде, мемлекет мұқтажына қайтарып алудың қала бюджетіне салмақ түсіретіні анықталды. Сол себепті, Шымкент әуежайына санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін қашықтықтан жаңа ұшу-қону жолағын салу туралы шешім қабылданды. Осыған орай, жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу үшін «Qazaq City Stroy» ЖШС-імен меморандум түзілді. Әуежайдағы жаңа ұшу-қону жолағының ұзындығы — 3 300 метр, ал, ені — 45 метр болады. Нәтижесінде, халықтың баспанасы бұзылмайды. Мемлекет қаржысы да үнемделіп, әуежай заманауи ұшып-қону жолағына ие болады».