Жігітпен танысудың соңы қарақшылықпен аяқталды

34

Шымкенттік бойжеткен үшін әлеуметтік желіде жігітпен танысудың соңы қарақшылықпен аяқталды. Қала тұрғынын осыдан бірнеше күн бұрын интернетте танысқан жас жігіті тосын сый уәде етіп, көзін байлап, пәтерге алдап кіргізген көрінеді. Содан кейін қыздың қолын байлап, ас үй пышағымен қорқытып, оны онлайн шағын несиеге өтініш беруге мәжбүрлеген. Түскен ақшаны дереу есепшотына аудартқан жігіт оқиға орнынан бой тасалаған. Бұл туралы жәбірленуші
полицияға берген арызында айтқан. Күдікті жақында ғана мегаполиске ақша табу мақсатында келген Орал қаласының тұрғыны болып шықты.

«Қаратау аудандық полиция басқармасына келіп түскен қарақшылық шабуыл туралы арызды тіркеп, дереу жедел-іздестіру жұмыстарына кірістік. Қабылданған шаралардың нәтижесінде жігіт бірнеше сағаттың ішінде қаладағы Арбатта ұсталды. Қазіргі таңда, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.»,– дейді Шымкент қаласы ПД баспасөз хатшысы Бағлан ИСАТАЕВА.

Полиция қызметкерлері виртуалды әлемде шабуылдаушылар әртүрлі жалған профильдер жасап, өздерін басқа адам ретінде көрсете алатынын ескертеді. Бұл заңсыз шабуылдардың құрбаны болу қаупін тудырады. Сондықтан абай болып, әлеуметтік желілерде бейтаныс адамдарға сенбеу керек дейді тәртіп сақшылары.