Шымкентте полицияның бөлім бастығы бірнеше қылмысы үшін сотталды

Шымкентте полицияның лауазымды қызметкері қылмыстық ісі үшін сотталды. Полиция подполковнигіне қызмет бабын асыра пайдаланғаны, бөтеннің мүлкін аса iрi мөлшерде жасырын жымқырғаны және алаяқтық және пара беруге итермелегені үшін айып тағылды.

Сотталушы Абай аудандық полиция басқармасында криминалдық полиция бөлмінің бастығы қызметін атқарған. Ол 2022 жылы тәркіленіп алынған «сасық керуек» сұйықтығының 1500 келге жуық мөлшерін жымқырып, жәбірленушіге 85 миллион теңге көлемінде материалдық шығын келтірген.

«Сотталушы Шымкент ҚПД Абай аудандық полиция басқармасы криминалдық полиция бөлімінің бастығы қызметін атқарып жүріп, лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланып, өзіне немесе өзге тұлғаларға пайда табу мақсатында, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен 2022 жылғы 11 қазанында жәбірленушінің үйінен тәркіленіп алынған «сасық керуек» сұйықтығын полиция басқармасына апару жолында бір бөлігін, яғни 1470 кг мөлшерде жасырын жымқырып, жәбірленушіге 85 443 750 теңге, яғни аса ірі мөлшерде материалдық шығын келтірген», – деп мәлімдеді Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының баспасөз қызметі.

Сот сотталушыны кінәлі деп танып, оны белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 5 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.