Бүгін Астанада Ішкі істер министрлігі соңғы күндері Шымкентте тіркелген даулы істерге қатысты пікір білдірді. Министрдің орынбасары дүйім жұртты дүр сілкіндірген қылмысқа қатысты күдіктілер жазадан құтылып кете алмайтынын жеткізді. Ал әрекетсіздік танытқан полицейлер жазаланатынын айтты.
Бүгін Сенат кулуарында соңғы күндері елдің есін алған Шымкенттегі шулы істер туралы айтылды. 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өлімі, 17 жастағы қызды алып қашу және қала орталығындағы көшенің қақ ортасындағы кісі өлімімен аяқталған жанжал мен полицияның әрекетсіздігі туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов журналистердің сұрағына жауап берді.
САНЖАР ӘДІЛОВ, ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Бұл фактілер бойынша 3 қылмыстық іс қозғалды. Бұлар «Алып қашу» және «Адам өлтіру» бабы, екіншісі «Адам ұрлау» бабы, үшіншісі «қару қолдану арқылы бұзақылық жасау». Кеше хабарлағанымыздай бірнеше күдікті қамауға алынды».
Санжар Әділовтің сөзінше, Астанадан Шымкентке криминалистер, тергеушілер, өзіндік қауіпсіздік қызметкерлері жеткен. Олар қызметтік тексеріс жүргізуді бастаған. Қылмыстық істер аясында әлі де ұсталмаған бірнеше күдікті бар. Полиция оларды іздестіріп жатыр. Әділовтің ссөзінше, ешкім қылмыстық жауаптан құтылып кете алмайды.
Баспасөз мәслихатында журналистер қоғамдық орында кісі қолынан қаза тапқан 21 жастағы Нұрай Серікбайдың ісі бойынша жеке сұрақ қойды. Бұдан бұрын марқұмның туыстары оны күдікті еркінен тыс алып қашқанын, аңдып, қорқытып-үркіткенін, бұл туралы шағымданса да полиция әрекетсіздік танытқанын айтқан. Көп өтпей Қызылордада өткен Құрылтайда президент пікір білдірген соң, сол күні Шымкент қалалық полиция департаменті бастығы мен оның бірінші орынбасары жұмыстан босатылған. Ал аудандық полиция басқармасының қызметкерлері күдікке ілінген.
САНЖАР ӘДІЛОВ, ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Салғырттық» бабымен іс қозғалды. Полицейлер өз қызметіне немқұрайлы қарап, дер кезінде істі тіркемеген. Бұл жерде аудандық полиция басқармасының басшылығы жауап береді. Оған қоса мұның бәрін бақылап, тексермеген қалалық полиция департаментінің де жауапты қызметкерлері бар. Тергеу нәтижесіне сай департаментнің басшылығына да құқықтық баға беріледі».
Айта кетейік, 20 қаңтар күні Шымкентте көшенің қақ ортасында жаппай төбелес болған. Оқиға орнында 2 адам пышаққа ілініп, бірі қайтыс болды. Екінші жәбірленуші хәл үстінде жатыр. Кеше 4 күдікті ұсталған. Қанды оқиғаға қатысты «Адам өлтіру», «Бұзақылық» және «Адамды ұрлау» бабымен іс қозғалған.
21 жастағы Нұрай Серікбайдың өлімі де өз үйінің маңындағы жаяу жүргіншілер жолында тіркелген. Күдікті оны бірнеше жерінен пышақтап, бетін тіліп, мойнын осып, оқиға орнынан қашып кеткен. Бойжеткен алған ауыр жарақаттан оқиға орнында көз жұмды. Күдікті екі тәуліктен соң ұсталған болатын. Оның үстінен «Адам өлтіру» бабымен іс қозғалғанымен жәбірленушілер бұған келіспей отыр. Олар «Аса қатыгездікпен адам өлтіру» бабына қоса «Адам ұрлау» және «Сталкинг», «Некеге тұруға мәжбүрлеу» бабымен іс қозғауды талап етеді.
Дилара Иса






