Түркістанда жыл басынан бері мыңға жуық адамды ит қапқан

267

Түркістан облысында жыл басынан бері жануарлардан зардап шеккен 1 297 адам медициналық көмекке жүгінген. Жарақаттанғандардың мыңға жуығын ит қапқан. Бұл туралы облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрбек Нышанов айтты.

Спикердің сөзінше, Түркістан облысы құтыру ауруынан қауіптілігі жоғары аймақтар қатарына жатады. Өңірде жануарлар арасында құтыру ауруының алдын алу жұмыстары жүргізілуде.

«Биыл 3 айда жануарлардан зардап шеккен 1 297 адам медициналық көмекке жүгінген. Оның 847-і белгілі бола, 450-і белгісіз жануарлардан зардап шеккен. Жарақаттанғандардың 976-ы иттен, 217-і мысықтан, 50-і жылқыдан, 5-і мүйізді ірі қара малдан, 49-ы жабайы жануарлар мен кеміргіштерден зиян көрген. Яғни, жарақат алудың 96,2% үй жануарларының үлесіне тиесілі. Айта кетсек, биыл өңір тұрғындары арасында құтыру ауруы тіркелмеді»,- деді Нұрбек Нышанов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Ал облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ғани Құрманбайдың айтуынша, өңірде қаңғыбас ит пен мысықтарды оқшаулары жұмыстары басталып кеткен. Жоспар бойынша биыл облыста 41,3 мың бас қаңғыбас ит пен мысықтарды аулау жұмыстары жоспарланып, бүгінгі күнге 12,9 мың бас қаңғыбас ит-мысықтар оқшауланған.

«Биыл өңірде құтыру ауруына қарсы 906 мың бас жануарға профилактикалық іс-шара жоспарланып, 4 айдағы жоспардың 70%-ы орындалды. Сонымен қатар жыл басынан бері жануарлардың құтыру ауруы бойынша Жетісай, Қазығұрт, Созақ, Ордабасы аудандарында 9 жағдай тіркелді. Сондай-ақ, жануар адамға немесе жануарларға шабуыл жасаған жағдайда жануарларды жансыздандыруға рұқсат етілгендігін мәлімдеймін»,- деді Ғани Құрманбай.

Облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Ағабек Абдиевтің мәліметінше,  бекітілген жоспарға сәйкес 4 айда 23 499 бас ірі қара малға, 61 387 бас ұсақ малға,  7 230 жылқыға, 2 907 түйеге, 29 450 ит пен 6 160 мысыққа екпе егілген.

(Фото: istockphoto.com)