«Атамды ешқандай дәлелсіз соттады»

2

31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Осыған орай, Шымкенттегі «Қасірет» мемориалында жазықсыз айыпталып жапа шеккен азаматтарды еске алу шарасы өтті. Ел егемендігі жолында жанын құрбан еткен азаматтардың рухына тағзым етуге жиналғандар көп болды.

«Қасірет» мемориалындағы сасяи қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне келгендер көп. Соның бірі Түркістан облысының тұрғыны Сырымбет Сырмаханбетов. Оның атасы Ділімбет Сырмаханбетов 1937 жылы жазықсыз айыпталып 10 жылға сотталған. Еш дәлелсіз «Халық жауы» деп танылған партия мүшесі Магадандағы түзеу-еңбек лагеріне жіберіліп, қайтып оралмаған. Жерленген жерін де білмейміз дейді немересі.

Сәкен Шәмшиевтің болжамы бойынша атасы Шамсуддин Нақыповтың мәйіті осы «Қасірет» мемориалында. Ол кісі Алматыдағы президент архивінің базасындағы деректер бойынша ату жазасына кесілген.

Сәкен Шәмшиев, тұрғын: «Үкім шыққан ату жазасына 1937 жылы  кесілген. Осы Қайтпаста жерленген дейді. Сол кезде  әкем 11 жаста болған екен».

Қазақстанда 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Оның 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілді. Еске салсақ, 2021 жылы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі» жарлыққа қол қойған еді. Қазір Президент тапсырмасы бойынша өңірлерде арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Ал Оңтүстік өңірінен 6500-ден астам қуғын-сүргінге ұшыраған азамат ақтауға ұсынылды.